Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған есірткіге қарсы республикалық айлық басталды
Ішкі істер министрлігінде 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған есірткіге қарсы айлықтың ашылуы өтті. Отырысқа барлық мүдделі мемлекеттік орган және республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырыс төрағасы Ержан Саденов атап өткендей, есірткіге қарсы республикалық айлықты өткізу барлық мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес сектордың әлеуетін пайдалана отырып, профилактикалық жұмыстың ұзақ мерзімді стратегиясын құруға мүмкіндік береді. Оған халықтың барлық тобын: жасөспірімдер мен жастардан бастап, олардың ата-аналарына дейін тартуға мүмкіндік береді.
Отырыста нашақорлықтың қалыптасуы, есірткінің алғашқы сынамасы көбінесе жасөспірім кезінде болатындықтан, нашақорлықтың алдын алуда білім беру және денсаулық сақтау саласының маңызды рөлі атап өтілді.
Білім вице-министрі Айбат Ілиясов мектептер мен колледждерде кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, бірқатар мектеп пәндерінің үлгілік оқу бағдарламаларына жинақталған «Салауатты өмір салты» компоненті туралы айтты. Балалардың физикалық дамуының маңыздылығын атап өтті. Ата-аналарды балаларға қатысты өз міндеттерін іске асыруда қолдауға бағытталған нормативтік құқықтық құжат – «Ата-аналар кодексін» әзірлеуге жеке тоқталды. Штаб төрағасы кеңеске қатысушылардың назарын жауапты ата-ана болу дағдыларын, балаларда жеке және әлеуметтік дағдыларды, сондай-ақ қолайлы мектеп жағдайын қалыптастыру қажеттігіне аударды. Талқылау нәтижелерін қорытындылай келе, Е.Сәденов нашақорлықтың алдын алу барлық мемлекеттік басқару органдарының қатысуын талап ететін көпвекторлы мәселе екенін атап өтті.
БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы сарапшыларының пікірінше, ең алдымен, есірткі иммунитетін қалыптастыруға жүйелі тәсілді қолдануға бағытталған бағдарламалар – оң нәтиже берген бағдарламалар . Бұл дегеніміз – жауапты ата-ана болуға үйрету, баладағы жеке және әлеуметтік дағдыларды дамыту және қолайлы мектеп ортасын қалыптастыру. Нашақорлықтың алдын алу бойынша іс-шаралар Қазақстанның барлық қалаларында 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өтеді.