Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған есірткіге қарсы республикалық айлық мәресіне жетті

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған есірткіге қарсы айлық бүкіл ел бойынша гала-концерттермен және акциялармен аяқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада өткен демалыс күндері Есіл жағасында Амфитеатрда «Астаналық жастар есірткіге қарсы!» акция өтті. Оған қазақ эстрадасы мен спорт жұлдыздары, вокалдық және би ұжымдары қатысты. Іс-шара қала әкімдігінің, психикалық денсаулық орталығының, «Ренессанс» оңалту орталығының қолдауымен өткізілді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына есірткі ахуалы туралы бейнероликтер көрсетілді.

Көрермендер кинологиялық қызметтің қызметтік иттерінің көрсетілімдерін жылы қабылдады. Сондай-ақ түрлі викториналар, конкурстар өткізілді, қала тұрғындары оларға белсенді қатысып, естелік сыйлықтар алды.

Бұл күні барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда кең ауқымды акциялар өткізілді. Алматы орталық саябағында акция өтті, оған мың адам қатысты. Шымкентте Әл-Фараби атындағы орталық алаңда жарты мыңға жуық қала тұрғыны іс-шараның қонақтары болды. Атырауда мерекелік іс-шаралар үш кезеңде өтті. Атырау автомотоклубының байкерлері Неке сарайы аумағында жиналып, Әбілқайыр хан және Сұлтан Бейбарыс даңғылындағы шеруге қатысты. Одан кейін эстафета жүгіру марафонына қатысушыларға берілді, «Infiniti Plaza» Эко паркінде концерт өткізілді. Таразда Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта үлкен концерт өтті. Қостанайда «Дені сау болу керемет!» деген ұранмен  акция өткізілді, оның аясында Сити-Центрде  концерттік бағдарлама, сурет көрмелері ұйымдастырылды. Көкшетауда Тәуелсіздік алаңында «Сенім» есірткіге тәуелді адамдарды әлеуметтік-психологиялық оңалту орталығының, «Зерделі ұрпақ» қоғамдық қорының театрлық қойылымдары көрсетілген «Мен өмірді таңдаймын!» акциясы өткізілді. Қызылорда қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағында эстрада әншісі Мәди Қадыровтың концерттік бағдарламасы өтті, есірткіге қарсы үгіт-насихат жүргізуде ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттау ұйымдастырылды. Ақтауда Каспий теңізінің жағасында және Павлодардың Ертіс жағалауында әртістердің қатысуымен гала-концерттер, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлерінің, кинологиялық қызметтердің қызметтік иттерінің, дзюдо, каратэ, джиу-джитсу спорт клубтарының көрсетілімдері ұйымдастырылды. Іс-шара қонақтары мен тұрғындарына буклеттер, брошюралар таратылды, түрлі байқаулар, эстафеталар өткізілді.

Айлық кезеңінде барлығы екі мыңнан астам түрлі іс-шаралар өткізілді. Бұл – конкурстар, спорт чемпионаттары, концерттер, мұражайларға, театрларға экскурсиялар, оқыту семинарлары, кездесулер, түнгі клубтар, кафе-барлар, ПИК өкілдерімен кездесулер, сондай-ақ есірткі жарнамасы бар граффити-жазуларды анықтау және жою бойынша рейдтік іс-шаралар. Олар республикалық және аймақтық деңгейде кеңінен БАҚ-та жарияланды.

Еліміздің барлық өңірлерінде Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған іс-шараларды өткізу кезінде ІІО қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, блогерлер, сондай-ақ есірткіге қарсы іс-шараларды өткізуге белсенді қатысқан жұртшылық өкілдері грамоталармен, алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Республика бойынша Ішкі істер министрінің құқығымен 45 адам марапатталды. Есірткіге қарсы айлық кезеңінде профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысқан 370 адам облыс әкімдері мен аумақтық полиция департаменттері бастықтарының құқықтарымен марапаттауға ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, 27 мамырда Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен есірткіге қарсы айлықтың ресми ашылуы өтті, оның аяқталуы 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Хаджи-Гали Имажанов атап өткендей, 35 жыл бұрын, 1987 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен бұл күн жаһандық нашақорлықтың қаупін мойындай отырып, есірткісіз қоғам құру туралы шешімді атап өту үшін белгіленген. Бұл акция қоғамның назарын нашақорлық проблемасына аударуға, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-ның және бей-жай қарамайтын барлық адамдардың күш-жігерін топтастыруға бағытталған.

Жауап қалдыру