Хромтауда жасөспірімдер өзгенің көлігін ұрлап, бірнеше сағат ішінде бөлшектеп тастаған
Хромтауда жасөспірімдер өзгенің көлігін ұрлап, бірнеше сағат ішінде бөлшектеп тастаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13-інен 14-ші қарашаға қараған түні белгісіз тұлғалар Хромтау қаласындағы автотұрақтан Ваз-2110 автокөлігін айдап әкеткен. Камера жазбаларын қарау барысында полицейлер екі белгісіз адамның көліктің есіктері ашық екенін пайдаланып, оны автотұрақтан көрші көшеге итеріп алып кеткенін анықтады. Олар кілтсіз оталдыру арқылы көлікті іске қосып, белгісіз бағытта кетіп қалған.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында «ізін суытпай» 18 және 17 жастағы екі күдіктіні Хромтау ауданының Белогорка ауылында ұстады. Күдіктілердің бірінің ауласында ұрланған автокөлік бөлшектелген күйде табылды. Жеңіл көліктің дөңгелектері, капоты мен бампері алынып тасталып, қораға жинап қойылған. Ұсталғандардың айтуынша, олар көлік құралын бөлшектеп сатуды көздеген.
Автокөлікті айдап әкету фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабымен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу басталды және облыста осыған ұқсас қылмыстар жасауға күдіктілердің қатысының бар-жоғы тексеріледі.