ІІМ әйел тергеушілердің біліктілігін арттыру бойынша арнайы курстар өткізді
Әйел тергеушілердің біліктілігін арттыру мақсатында ІІМ тергеу департаменті арнайы курстар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқуда дағдарыс орталықтарының тәжірибелі психологтары, сот, прокуратура өкілдері, сондай-ақ ІІМ тергеу департаменті мен Қарағанды академиясының мамандары сабақ берді.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ІІМ әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеу сапасын арттыру үшін барлық полиция департаменттерінде тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу топтарын құрды.
Олардың құрамына 261 әйел тергеуші, сондай-ақ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, жедел-криминалистикалық, криминалдық және ювеналды полиция бөлімшелерінің қызметкерлері кірді.
15 сәуірде Мемлекет басшысы «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Заңнамаға ауқымды өзгерістер енгізілді. Оның ішінде Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жауапкершілікті күшейту, осы істер бойынша татуласуды болдырмау, «кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғымды енгізу, 98-3 (Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу), 108-1 (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру), 109-1 (Ұрып-соғу), 121-1 (Он алты жасқа толмаған адамға қатысты сексуалды сипатта тиісу), 313-1 (Суицидті насихаттау) жаңа баптары қосылып, 108-1 және 109-1-баптары бойынша «қамауда ұстау» және «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану мүмкіндігі, сондай-ақ олар бойынша тергеуді айқындау қаралады.
Айта кету керек, Заң қол қойылған сәттен бастап алпыс күн өткен соң күшіне енеді.