ІІМ Ақмола облысының кәсіпкерлерінен ақша бопсалаумен айналысқан ҰҚТ-ны құрықтады
ІІМ Ақмола облысының кәсіпкерлерінен ақша бопсалаумен айналысатын ҰҚТ қызметінің жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысындағы арнайы операция нәтижесінде ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлерден ақша бопсалаған қылмыстық топтың 6 қатысушысын ұстады. Топ мүшелерінің жасы 26-дан 32 жасқа дейін.
Қоқан-лоққы көрсетіп, күш қолдану арқылы ұсталғандардың жергілікті кәсіпкерлердің бірінен 2,5 млн теңге бопсалап, оның Subaru Outback автокөлігін тартып алғаны анықталды.
Бүгінгі күні ұсталғандардың облыс аумағында бірқатар ұқсас қылмыстар жасауға қатысы бар екені анықталды.
Жедел ақпарат бойынша бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдіктілер «ұрылар идеологиясын» ұстанып, оны жастар арасында насихаттаған.
Сондай-ақ топ мүшелері қару қолданып, ақша бопсалаған. Мұнда олар талап қою үшін жалған сылтауларды қолданған.
Тінту барысында олардан жәбірленушілерді қорқыту үшін қолданылған есірткі, суық және атыс қаруы тәркіленді.
Осы фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігімен «Бопсалау» сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.