ІІМ басшысы Аршалы аудандық полициясының жөндеуден өткен ғимаратында болды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысы Аршалы ауданының полиция бөлімінің жөндеуден өткен ғимаратында болды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
10 ай бұрын ведомство басшысы жоспардан тыс тексерумен аудандық полицияға барған болатын. Сол кезде ол 1971 жылы салынған ғимараттың күрделі жөндеуді қажет ететініне назар аударған еді.
Бүгінгі таңда екі қабатты нысан толық жөндеуден өтті. Жұмыс кабинеттері де жаңартылған, барлық қажетті компьютерлік техника бар.
Министр объектінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мен жарақтандырылуын тексерді.
Аудандық бөлімнің ауласында Марат Ахметжанов әріптестеріне жаңа қызметтік автокөліктердің кілттерін табыстап, жергілікті тұрғындармен кездесті.
– Өткен жылы мен мұнда келіп, барлығын көріп кеткен едім. Ғимараттың жағдайын да байқадым. Бүгінде Мемлекет басшысы полиция алдына үлкен міндет қойып отыр. Полиция адамға бағытталған, проблеманы шешуге бағытталған болуы керек. Бірақ сонымен бірге полицияға да тиісті жағдай жасалу керектігін ұмытпауымыз керек, – деді министр.
Сонымен қатар ІІМ басшысы өткен жылдағыдай аудандық кітапханаға барып, ондағы ұжымға балаларға арналған және басқа да мазмұнды кітаптар сыйға тартты.
Еліміздің бас полицейі №4 жаңа учаскелік полиция пунктінің жұмысымен танысты. Мұнда 3 учаскелік инспектор және 3 көмекші қызмет атқарады.