ІІМ басшысы аудандық полицияда жоспардан тыс тексеру жүргізді
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысы Аршалы ауданының полиция бөлімінде болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство басшысы нысанның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін және жарақтандырылуын тексеріп, қызметкерлердің жұмысымен танысты. Айта кетейік, полиция ғимараты 1971 жылы салынған, сондықтан күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселені министр аудан әкімінің орынбасары Абай Бекпаевпен талқылады.
Марат Ахметжанов ведомство полиция қызметкерлерінің құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасауды жалғастыратынын атап өтті.
Жеке құраммен кездесуде министр Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанды қалыптастыруда ІІМ-ге қойған талаптарды, сонымен қатар қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді еске салды.
Сондай-ақ ол цифрландыруды енгізу, бюрократияны қысқарту және сотқа дейінгі тергеу кезінде құжат айналымын азайту бойынша тапсырмалар берді. Аудан прокурорының міндетін атқарушы Әлия Сүлейменовамен жұмыс барысын қарап шықты.
Марат Ахметжанов қызметкерлерді тыңдап, проблемалық мәселелерді жеке бақылауға алды.