ІІМ басшысы ауыл еріктілерін марапаттады
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ақмола облысы Ақкөл ауданының Еңбек ауылына барды. Бұл туралы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.
Министр учаскелік полиция пунктінің жəне учаскелік инспектордың жұмысымен, сондай-ақ, осы полиция учаскесіне қосылған ауылдың бейнебақылау жүйесімен танысты.
Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында учаскелік полиция инспекторларына басты рөл берілетін «қадамдық қолжетімділіктегі полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметіне реформа жүргізуге назар аударылғанын еске салды.
Министр Еңбек ауылына келу себебін де атап өтті. Мұнда жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің көмегімен құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған.
«Учаскелік полиция пунктіне ауыл бойынша мәдени және білім беру мекемелерінде орнатылған 100 бейнекамера қосылған. Ауылдағы камералардың арқасында жыл басынан бері 50 əкімшілік құқық бұзушылық анықталды», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар, министр учаскелік инспекторға ауылдағы құқықтық тәртіпті сақтауға көмектесетін еріктілермен кездесті. Оларға қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді қатысқаны және ішкі істер органдарына азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге көмектескендері үшін алғыс айтып, грамоталармен марапаттады.
«Биылғы жылдың басында қар құрсауынан зардап шеккен мыңдаған жүргізушілер мен жолаушыларды құтқару кезінде Еңбек ауылының еріктілері полицейлермен бірлескен жұмыстың озық үлгісін көрсетті. Сонымен қатар, еріктілер учаскелік инспекторға қылмыстың алдын алуға белсенді түрде көмектеседі. Осындай оң тәжірибені біз әрбір әкімге жеткізіп, бүкіл ел бойынша енгізетін боламыз», – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Мемлекет басшысы жариялаған «Еріктілер жылы» аясында министрлік 3,5 мың еріктімен өзара іс-қимылды кеңейту бойынша жұмыс жүргізуде. Олар бүгінде адамдарды іздеуге және құтқаруға, нашақорлықтың алдын алуға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеуге, сондай-ақ, сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге белсенді түрде қатысады.
Олар төтенше жағдай режимі кезінде ортақ іске үлкен үлес қосты. Осы уақытқа дейін мыңға жуық ерікті карантин шараларының сақталуын бақылап, полицияға көмек көрсетуде.
Қазіргі уақытта еріктілердің құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысу аясын кеңейту бойынша шаралар қабылдануда.