Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы депутаттарға елдегі есірткі жағдайы туралы айтып берді

Мәжілісте есірткіге қарсы күрес тақырыбы бойынша Үкімет сағатында сөйлеген сөзінде Ішкі істер министрі Ержан Саденов әлемде есірткінің мыңнан астам түрі бар екенін көпшіліктің қаперіне салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оның айтуынша, Қазақстанда 700-ге жуық осындай заттар мен олардың аналогтары бақылауға алынған. Елдегі есірткі жағдайы каннабистің шикізат базасының болуы, «солтүстік бағыт» бойынша ауған героинінің трафигі, синтетикалық есірткінің таралуы сияқты үш негізгі факторға байланысты.

Сондай-ақ ішкі істер министрі өз баяндамасы барысында мемлекеттің «синтетиканың» таралуына қарсы қалай күрес жүргізіп жатқанын айтып өтті. Еліміздегі құқық қорғау органдары 2015 жылдардан бастап синтетикалық есірткінің жаппай таралу жағдайымен бетпе-бет келген. 2019 жылға дейін есірткі тізімі тек заң деңгейінде ғана толықтырылды.

Осыған байланысты ІІМ тиісті заң жобасын әзірледі. Ол Үкіметке есірткі тізімін бекіту құзыретін берді.

Қазір келісуші мемлекеттік органдарды кезең-кезеңімен 11-ден 3-ке дейін қысқарту есебінен осы рәсімді оңайлату мәселесі пысықталуда.

Сонымен қатар ІІМ басшысы киберкеңістіктегі есірткі бизнесіне қарсы күрес жайына тоқталды. Жыл басынан бері алты мыңнан астам ақпараттандыру нысандарының қызметі тоқтатылған – бұл чаттар, арналар, есірткіні тарату және жарнамалау сайттары. Telegram желісінде 1,3 мың интернет-дүкен жабылды.

Президенттің тапсырмасы бойынша 2020 жылы интернет арқылы есірткі таратқаны үшін жаза күшейтілді. Есірткіні жарнамалау және насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Сондай-ақ министр есірткі қылмыстары туралы статистиканы мысалға келтірді. Жыл басынан бері 75 жасырын есірткі зертханасы жойылды. 100 тоннадан астам прекурсор тәркіленді.  Сонымен бірге төрт трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа тосқауыл қойылды. Осындай топтардың 14 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның 13-і шет мемлекеттердің азаматтары. Олардан шамамен 100 кг «синтетика», 85 тоннадан астам прекурсор, 13 реактор және мыңнан астам зертханалық жабдық тәркіленді. Осылайша пайдалануға дайын сегіз тонна заттардың өндірісі тоқтатылды. Бұл шамамен 25 миллион бір реттік доза және мыңдаған құтқарылған өмір деген сөз.

Қарасора өсірушілермен күресу үшін жыл сайын маусымнан қазан айына дейін «Қарасора» операциясы жүргізіледі. Операция барысында әдетте 15-тен 20 тоннаға дейін есірткі алынады. Ағымдағы жылы бұл көрсеткіш соңғы алты жылдағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 37 тоннаға жетті.

Министр есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесін тек күштік әдістермен шешу мүмкін еместігін атап өтті. Мұнда барлық уәкілетті органдардың қатысуымен нашақорлықтың алдын алудың нақты жүйесі қажет.

Қазір Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары бекітілді. Жоспарды іске асыруға мемлекеттік және қоғамдық институттар жұмылдырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру