ІІМ басшысы Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Теміртау қаласында Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті. Бұл ведомство басшысының есептік кездесуі өткен оныншы өңір, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Кездесуге келген қалың көпшілікті министр ең алдымен республикадағы және аймақтағы криминогендік ахуалмен таныстырды. Ішкі істер органдарында орын алған өзгерістер туралы айтып, полицияның қоғаммен бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.
Халықпен кездесу барысында еліміздің бас сақшысы полициямен тығыз жұмыс жасап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлес қосқан Нұра ауданы Тікенекті ауылының әкімі Ерлан Оспановты, 9 адамды ажалдан аман алып қалған ержүрек инспектор Медет Асқаровты, жол жүрісі қағидаларын жатқа білетін 5 жасар Нұрасыл Төлегеновты марапаттады.
Жиында түрлі сауалдар қойылды. Сонымен қатар алғысын арқалай келгендер мен белгілі бір мәселелер бойынша ұсыныс білдірген азаматтар да болды.
Сұрағын қойып үлгермеген тұрғындарды министр жеке қабылдады. Одан бөлек министрліктің орталық аппаратынан келген қызмет басшылары да проблемалық мәселемен келген азаматтарды тыңдап, кеңес берді.
Әдеттегідей бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен де брифинг өткізілді. Министр жергілікті журналистердің сауалдарына жауап берді. Өңірге тән бірқатар мәселелер көтерілді. Оның ішінде жол қауіпсіздігі назардан тыс қалмады. Жиында ведомство басшысы Қарағанды мен Теміртауда қауіпті жүргізушілерді анықтауға арналған «Қорғау» жүйесінің іске қосылатынын хабарлады.
Әріптестерімен сөйлесіп, қала жолдарындағы жағдаймен танысты. Жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешеннің нәтижесі туралы сұрап білді. Одан кейін заманауи үлгіде салынған №3 учаскелік полиция пунктіне барды. Мұнда учаскелік инспекторлармен қатар пробация қызметінің маманы, патрульдік полиция және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жұмыс істейді.
Марат Ахметжанов жұмыс сапарының соңында қалалық полиция басқармасының ғимаратында жеке құраммен кездесті. Өтіп бара жатқан жылдағы жұмыс қорытындыланып, алда атқарар жұмыстар пысықталды. Қызметте кеткен кемшіліктер сараланып, олқылықтардың орнын толтыру үшін бірқатар тапсырмалар берілді. Жиын марапаттау рәсімімен аяқталды.