Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ: Дәрілік заттарды сақтау мен өткізу талаптары үнемі бақылауда

ІІМ дәрілік заттарды сақтау мен өткізу талаптары үнемі бақылауда екенін ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

8–12 желтоқсан аралығында ІІМ ел аумағындағы бақыланатын заттардың заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесуге, оның ішінде құрамында есірткісі бар дәрілік препараттарды рецептсіз өткізуге қарсы бағытталған "Дәрмек" кезекті ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасының кезеңін өткізді.

Нәтижесінде белгіленген талаптарды бұзуға жол берген медициналық ұйымдардың лауазымды тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 303-бабы
бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды, 136 заңды тұлға, оның ішінде 166 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Синтетикалық есірткілерді өндіруде пайдаланылуы мүмкін шамамен 1 мың тонна прекурсордың, 60 мыңға жуық таблетканың, 75 мыңнан астам психоактивті препаратты ампулаларының айналымы шектелді.

Атап айтқанда, Қарағанды облысында Ресей Федерациясының аумағынан жеткізілген 64 тонна күкірт қышқылы сақталған теміржол цистернасының техникалық нығайтылуы талаптарға сай келмейтіні анықталды.

Шымкент қаласында медициналық мекемелердің бірінде лицензиялық талаптардың бұзылуы анықталып, соның нәтижесінде психотроптық препараттардың 50 мың бірлігі айналымға жіберілмеді.

Түркістан облысында заңды тұлғалардың бірі 100 тонна күкірт қышқылын мамандандырылған күзеттің сүйемелдеуінсіз тасымалдаған.

Ал Жетісу облысында синтетикалық есірткілерді дайындауда қолданылатын эфедра прекурсорының 200 келі тәркіленді.

Алматы облысында медицина қызметкерлері бақыланатын препараттарды арнайы жабдықталған қоймаға емес, реанимациялық палатада сақтаған.

Ішкі істер министрлігі есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын жүзеге асыратын барлық заңды тұлғаларды оларды тасымалдау, сақтау, пайдалану және өткізу нормаларын қатаң сақтауға шақырады. Еске саламыз, есірткілердің заңды айналымы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтары ел аумағынан тыс жерге шыққанда келесі мән-жайға ерекше назар аударуы қажет.

Кейбір мемлекеттерде, оның ішінде Ресей Федерациясында, еліміздің аумағында тыйым салынбағанына қарамастан, гармала (адыраспан) өсімдігін әкелуге, әкетуге, тасымалдауға және сақтауға тыйым салынған.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарды Мемлекеттік шекарадан өту кезінде аса мұқият болуға және заңнамамен, оның ішінде шет мемлекеттердің заңнамасымен айналымы шектелген заттар мен бұйымдарды алып өтпеуге шақырады.

Ішкі істер органдары "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында азаматтардың денсаулығына зиян келтіруге жол бермеуге, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдегі есірткі ахуалын сауықтыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру