ІІМ-де 2023 жылға арналған басым міндеттер айқындалды
Ішкі істер министрлігінде Кеңейтілген алқа отырысы өткізілді. Шараға орталық аппараттың барлық қызметтерінің, аумақтық полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің, сондай-ақ ведомстволық оқу орындарының басшылары қатысты. Өңірлік бөліністердің жеке құрамы бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Жиында өткен жылдың жұмыс қорытындысы қаралып, алдағы уақытта атқарылатын міндеттер айқындалды. Әр салада жеткен жетістіктер аталып өтіліп, кеткен кемшіліктер сараланды.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев кадр мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жалпы ел полициясындағы моральдық-психологиялық ахуал тұрақты. Былтырғы өзгерістер, дәлірек айтқанда, қағазбастылықтан арылу, процестерді оңтайландыру, жалақының өсуі мен басқа да шаралардың арқасында полицияға жұмысқа келгісі келетіндердің саны 42%-ға, қызметке қайта қабылданғандардың саны 75%-ға жеткен.
Министрдің орынбасары Ержан Саденов полицияның жедел-іздестіру қызметі туралы хабарлады. Кісі өлтіру, ұрлық, мал ұрлығы, тонау сияқты жекелеген қылмыстарға, сондай-ақ ерекше назар аударуды қажет ететін алаяқтық қылмысына тоқталып өтті. Мәселен, өткен жылы елімізде 22 369 алаяқтық дерегі, одан бөлек 20 444 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл ретте ол әріптестерін профилактикалық жұмыстарды күшейтуге шақырды.
Тергеу саласы бойынша сөз сөйлеген ведомство басшысының орынбасары Қайрат Сөнтаевтың айтуынша, былтыр 91% іс электронды форматта тергелген. Тергеу мерзімдерін бұзу көрсеткіші төмендеген. 2022 жылы дәл осы салада 744 азамат министрлікте қабылдауда болған. Оның ішінде 603 адамды Тергеу департаментінің басшылығы қабылдаған.
Министрлік басшысының орынбасары Игорь Лепеха патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан кеткен қателіктер туралы баяндады. Сондай-ақ елдегі жол қауіпсіздігі мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне ерекше назар аудару керек екенін айтты.
ІІМ бастығының орынбасары Сәкен Сәрсенов цифрландыру жұмыстары қандай деңгейде екендігі бойынша ақпарат берді. Осы орайда ол заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін толық пайдаланып, сондай-ақ азаматтарға жылдам әрі шынайы ақпарат беру жұмысын қарқынды жалғастыру керектігін атап өтті.
– Өткен жылы үлкен өзгерістерді қолға алдық. Бұл жүйеішілік өзгерістер, ұйымдық-штаттық құрылымды қайта қарау, сервистік тәсілдерді, жаңа цифрлық шешімдерді енгізу, қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды нығайту. Осы жұмысты жалғастыратын боламыз, – деді ІІМ басшысы Марат Ахметжанов.
Қызмет басшыларына тапсырмалар бере отырып, ол назар аударуды талап ететін басым бағыттарды айқындады.
– Мүліктік және жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыстармен күрес. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мұндай қылмыстардың саны азайды. Оларды ашу көрсеткіші жақсарды. Дегенмен барлық қылмыстардың шамамен 50%-ы ұрлық болып табылады. Біріншіден, «жазаның бұлтартпастығы» қағидатын қамтамасыз етуіміз қажет. Еңбек адамының адал тапқан мүлкі қорғалуы керек. Жұмысқа бара жатқан азаматтар үйінің қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Бұл салада әкімдіктермен, жергілікті қоғамдастықпен, басқа да ұйымдармен бірлесіп әрекет ету керек, – деді министр.
Президент «ауылдардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды» қамтамасыз ету міндетін қойды. Бүгінгі таңда ауылды жерлерге 261 учаскелік пункт қажет. Осыған байланысты еліміздің бас полицейі ПД бастықтарына әкімдермен осы мәселені кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.
Марат Ахметжанов заңдылық пен тәртіпті сөзсіз сақтауға, тергеудің жеделдігін қамтамасыз етуге, кибер – және есірткі қылмыстарының алдын алуды күшейтуге ден қою керектігін ерекше атап өтті.