ІІМ-де автокөліктерді заңдастыру бойынша сұрақтарға жауап берді
ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев автокөліктерді заңдастыру бойынша сұрақтарға жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру туралы жариялады. Бүгінде сол жұмыс қандай деңгейде?
Қазіргі уақытта заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілуде. Парламент Салық кодексіне енгізілген алғашқы түзетулерді қабылдады. Заңдастыруға жататын автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін төленетін алымды 200 мың теңге көлемінде деп белгіледі. Бір мезгілде екінші заңжобаның аясында Экологиялық кодекске түзетулер енгізілуде. Ол жерде заңдастырылатын автокөліктер үшін кәдеге жарату төлемін алып тастау бөлігінде түзетулер енгізіледі. Аталған түзетулер басқа заң жобасы шеңберінде Парламентте қаралуда. Одан басқа Ішкі істер министрлігі заңдастыруды жүргізудің тәртібін, шарттары мен мерзімдерін айқындайтын Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуде. Аталған жоба ағымдағы жылдың 29 қарашасында ашық талқылау рәсімінен өту үшін ІІМ-нің ресми сайтына орналастырылды.
Қандай көліктер заңдастыруға жатпайды?
Іздеуде жүрген (қылмыстық көлік) немесе толық кедендік тазартудан өтпеген, сондай-ақ 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер.
Қазір Қазақстанда қанша шетелдік автокөлік бар?
Қазақстанда тұрақты жүрген шетелдік автокөліктердің нақты саны туралы деректер жоқ. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін шетелдік автокөліктерге 300 мыңнан астам автосақтандыру полисі ресімделгенін анықтадық. Автосақтандырулардың ең көбі Ресейден келген автокөліктерге берілген, олар шамамен 260 мың, Қырғызстан автокөліктері – 25,5 мың және Армения көліктері – 18 мың.
Шетелдік автокөліктерді заңдастыру қашан басталады және ол қанша уақытқа созылады?
Қажетті заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін және тиісті Үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін заңдастыру басталады. Бұл ретте заңдастыруды жарты жылдың көлемінде өткізу жоспарлануда.
Автокөліктің Қазақстанға кіру күні қалай анықталады?
Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің деректер базасы бойынша айқындалатын болады. Бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған. Егер Шекара қызметінде көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болу күні автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша айқындалатын болады.
Азаматтар осы заңдастыру аясында «оң рульді» көліктерді қазақстандық тіркеуге қоя алады ма?
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы заңдастырудың екі критерийін белгілеген болатын. Біріншісі – автокөлік іздестіруде болмауы керек. Екіншісі – кедендік тазалаудан өтуі керек. Егер аталған автокөліктер осы талаптарға сәйкес келсе, әрине оларды тіркеуге еш кедергі жоқ.
Автокөліктердің шығарылған жылы мен экологиялық класы бойынша заңдастыруға шектеулер бола ма?
Заңдастыруға жататын автокөліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды.
Қазақстанда «сары» нөмірлерді бере отырып, уақытша тіркелген «армян» автокөліктеріне заңдастыру қолданыла ма?
Біздің елде уақытша тіркелген «армян» автокөліктері де заңдастыруға жатады. Оларды кедендік декларациялау талап етілмейді, себебі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып танылады.
Заңдастыру үшін қанша төлеу керек?
Негізгі төлем – бастапқы тіркеу үшін алым, ол 200 мың теңгені құрайды. Қалғаны техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін алынатын төлемдер, олар үшін тағы 13 171 теңге төлеу қажет (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік нөмір мен техникалық паспорт үшін төлем сомасы шамалы өзгереді, өйткені баждар АЕК-ке байланысты есептеледі).
Заңдастыру процесі қалай жүретінін қысқаша сипаттай аласыз ба?
Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке өтініш жасау арқылы беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік құралы іздестіру базалары бойынша тексеріледі. Одан кейін автокөлік арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Содан кейін егер талап етілсе, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі, 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы алым, сондай-ақ техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі.