ІІМ-де «Qimyldama» тележобасының шығармашылық ұжымы марапатталды
Ішкі істер министрлігінде «Qimyldama» телехикаясының шығармашылық ұжымы марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
15 бөлімнен тұратын жобада қарапайым блогер жігіттің полиция қызметіндегі қиындықтармен бетпе-бет келуі көрсетіледі. Шынайы оқиғаларға негізделген сценарий, әр рөлге бекітілген актерлер, түсірілім тобының ауызбіршілігі өз жемісін берді. Тәртіп сақшылары туралы сериалды жұртшылық қана емес, ішкі істер министрі де жоғары бағалады.
– Жалпы полиция жұмысының жақсылығын да, ауыр тұстарын да халыққа жеткізіп, көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді ведомство басшысы Ержан Саденов.
Телехикаяның мақсаты – сақшылардың тынымсыз жұмысын жан-жақты көрсетіп, ішкі істер органдары мен азаматтар арасын жақындата түсу.
Қонақтар тың идеяларымен қызықты туындыларды жарыққа шығарып, отандық жобалардың жанкүйерлерін әлі талай қуантатынын жеткізді.