ІІМ-де Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы онлайн форматта өтті
Марат Қоғамовтың төрағалығымен КӘЖ өкілдерінің қатысуымен Ішкі істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы онлайн форматта өткізілді, онда ішкі істер органдары жүйесін жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру барысы қаралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырыс барысында Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың есебі тыңдалды.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауы бойынша «халыққа жақын полиция» қағидасы қызмет көрсету моделінің басты элементі болуы керек. Осы қағиданы жүзеге асыра отырып, құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етуге қол жеткізеді. Азаматтар өздерінің қорғауда екенін сезінулері керек және полицияға хабарласқан кезде проблемалар туындамауы тиіс, – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
– Халыққа жайлы жағдай жасау үшін барлық аумақтық бөлімшелерде азаматтарды қабылдау кеңселері (фронт-офис) жұмыс істейді. Өткен жылдың соңында Петропавлда заманауи модульдік посттар орнатылды, – деді Марат Төлебаев Кеңес мүшелеріне.
Сонымен бірге Департамент басшысының айтуынша, облыста құқық бұзушылықтарға жедел ден қою басты назарда. Полиция қызметіне азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу процедураларын жеңілдетуге бағытталған цифрлық жобалар енгізілген. Бұған іске қосылған «102» мобильді қосымшасы ықпал етеді. Сонымен қатар, Жедел басқару орталығының 1427 бейнекамерасы мен 410 сыртқы бақылау камерасынан тұратын бейнебақылау жүйесі одан әрі дамытылды. Олардың көмегімен жыл басынан бері облыста 156 қылмыстық құқық бұзушылық және 5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Кездесуге қатысушылар облыста заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мал ұрлығы мен көлік ұрлығының алдын алу саласындағы мәселелерді талқылады. Пікір алмасу барысында қоғам қайраткерлері ішкі істер органдарының тергеу бөлімшелерінің кәсіби құрамын күшейту бойынша ұсыныстар енгізді.
Кеңес мүшелері сонымен қатар жыл басынан бері енгізілген үш деңгейлі сот төрелігі жүйесін ескере отырып, қазіргі заманғы жағдайларда ішкі істер органдарының тергеу аппараттарының өзекті мәселелері бойынша қоғамдық тыңдауға дайындалу бойынша бірқатар ұсыныстарды талқылады. Бұл шара биылғы жылдың сәуір айында өтеді.
Қорытындылай келе, Кеңес төрағасы Марат Қоғамов кездесуге қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс білдіре отырып, Полиция департаментінің қызметін халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына ауыстыру бойынша облыс полицейлерінің тиімді жұмысын атап өтті.