Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында Ғ.Байтасовты еске алуға арналған волейболдан турнир өтті

Турнир туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов өзінің “Facebook” әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін “Динамо” дене шынықтыру-спорт кешенінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған волейболдан облыстық турнир өтті. Спорттық іс-шара барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды.

Шараны салтанатты ашу рәсіміне Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев, мемлекет қайраткері, облыстың құрметті азаматы Мұратбай Жолдасбаев, Жамбыл облысы Полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы, Қазақстанның Еңбек ері Мұқаш Ескендіров, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастығы Марат Ирменов, Мемлекеттік кірістер департаментінің бастығы Қайрат Қармандаев, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Теңізжан Жәнібеков және батырдың екі ұлы Арманжан мен Әділжан Байтасовтар қатысты.

Турнирде 10 команда бақ сынады. Тартысты өткен ойындар нәтижесінде бірінші орынды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жеңіп алды. Екінші орынды турнир ұйымдастырушыларының арнайы шақыртуы бойынша келген “Қазфосфат” командасы иемденді. Үшінші және төртінші орындар Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментіне бұйырды.

Ғазиз Байтасовтың есімін ұлықтау бойынша іс-шаралар жалғасын таба береді. 3 сәуір күні полиция капитаны 50 жасқа толушы еді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру