Жамбыл облысында полицейлер азаматтарға адам саудасының құрбаны болмаудың жолдарын түсіндірді
24–30 шілдесі аралығында Жамбыл облысында жыл сайын 30 шілдеде аталып өтетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай "Адам саудасы – ауыр қылмыс" атты кең ауқымды ақпараттық науқан өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарды адам саудасының қауіптері мен белгілері, осы қылмысқа қарсы іс-қимыл шаралары, сондай-ақ көмек пен қорғаныс алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру.
Адам саудасы – адам құқықтарын өрескел бұзатын ең ауыр қылмыстардың бірі. Оның кең таралған түрлеріне еңбек және жыныстық қанау, заңсыз асырап алу мақсатында жаңа туған нәрестелерді сату, сондай-ақ қайыр сұрауға мәжбүрлеу жатады.
Азаматқа ресми еңбек шартынсыз жұмыс ұсыну, жеке құжаттарын тартып алу, еркін жүріп-тұруына шектеу қою, қарым-қатынас жасайтын ортасын бақылау немесе психологиялық қысым көрсету – мұның бәрі адамның қанауға ұшырауы мүмкін екенін білдіретін белгілер.
Ақпараттық науқан аясында полиция қызметкерлері облыстық прокуратура, жергілікті атқарушы органдар және "Жандану" қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар өткізіп жатыр.
Мобильді топтар теміржол вокзалдарында, әуежайда және шаруа қожалықтарында рейдтік іс-шаралар жүргізіп, еңбек заңнамасының сақталуын тексеруде әрі еңбек қанауының ықтимал деректерін анықтауда.
Сондай-ақ интернет арқылы адамдарды заңсыз әрекеттерге тартудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге және заңсыз жұмысқа орналастыру мен адамдарды қанауға қатысты хабарландырулар жариялануы мүмкін түрлі интернет-ресурстарға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Мониторинг нәтижесінде заңға қайшы контент орналастырылған 3 474 интернет-ресурс бұғатталды.
– Егер адам саудасының белгілеріне тап болсаңыз немесе осындай қылмыстар туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, дереу полицияға хабарласуыңыз қажет. Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін 111 бірыңғай Call-орталығының мамандары шұғыл психологиялық көмек көрсетіп, кеңес береді, – деді Жамбыл облысы ПД ҰҚҚКБ үшінші бөлімінің бастығы Ильхомжон Салахотдинов.
Осындай қылмыстардың құрбаны болмау үшін азаматтарға жеке құжаттарын бөгде адамдарға бермеу, жүрген жері туралы жақындарына алдын ала хабарлап отыру, шетелде жұмысқа орналасу, білім алу немесе неке қию туралы ұсыныстарды мұқият тексеру, сондай-ақ кез келген құжатқа қол қоймас бұрын оның мазмұнын толық зерделеу ұсынылады.
