Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында бала қауіпсіздігін насихаттауға арналған ерекше акция ұйымдастырылды

Жамбыл облысының полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шара аясында ерекше акция ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында сауда-ойын-сауық орталығында өткен акцияның басты мақсаты – ата-аналардың бала қауіпсіздігіне деген назарын арттыру.

Полиция қызметкерлері дәстүрлі жадынамалардың орнына "Бір стикер – бір әрекет" атты арнайы еске салғыш стикерлер таратты. Онда ата-аналарға күнделікті өмірде орындауға болатын қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік шаралары жазылған.

Стикерлердегі негізгі ескертулер:

  • Бір қоңырау – балаңызға хабарласып, оның жағдайын сұраңыз;
  • Қауіпсіз терезе – терезелердің жабық екеніне және жиһаздардың терезе маңына қойылмағанына көз жеткізіңіз;
  • 5 минут көңіл бөліңіз – телефонды уақытша шетке қойып, балаңызбен ашық сөйлесуге уақыт бөліңіз.

Акцияның негізгі идеясы – телефонның адам күнделікті қолданатын заттарының бірі екенін ескере отырып, оның артқы бетіне жапсырылған стикер ата-аналарға бала қауіпсіздігі туралы үнемі еске салып тұруы.

Полиция өкілдерінің айтуынша, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-ананың қамқорлығы мен тұрақты назарынан басталады. Кей жағдайда бір ғана қоңырау немесе уақытылы жасалған тексеріс қауіптің алдын алып, қайғылы жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді.

Акцияға келушілер белсенді қатысып, көптеген ата-ана стикерлерді өз телефондарына бірден жапсырды. Олар мұндай қарапайым еске салғыштардың күнделікті өмірде пайдалы екенін атап өтті.

Полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне күн сайын көңіл бөлуге шақырады. Себебі кейде кішкентай ғана әрекет үлкен қауіптің алдын алып, баланың өмірі мен денсаулығын сақтауға ықпал етуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру