Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де «Үздік криминалист» байқауы қорытындыланды

Криминалистер арасында республикалық кәсіби шеберлік байқауының нәтижелері белгілі болды. «Үздік» атағы үшін өңірлік іріктеуден өткен 20 қызметкер бақ сынасты, – деп хабарлайды Polisia.kz cайтының тілшісі.

Криминалист мамандығы басқа кәсіп түрлері сияқты өзіндік ерекшеліктерге ие. Жазаның бұлтартпастығы үшін дәлелдер шынайы әрі мінсіз болуы керек. Осы ретте криминалистерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Оларсыз бірде-бір тергеу басталмайды. Сондықтан ведомство үшін бұл мамандардың жоғары білікті және тәжірибелі болуы маңызды. Аталмыш байқаудың мақсаты да осы – кәсіби даярлықтың сапасын жақсарту, мамандықтың беделін арттыру, үздіктерді анықтау және оларға қолдау көрсету.

Байқау бес кезеңнен тұрды. Бірінші сынақта әр қызметкер арнайы видео арқылы өзін таныстырды. Аса ерекшеленген бейнетаныстырулар қатысушылардың жеңіске жету мүмкіндіктерін арттырды. Екінші кезеңде офицерлер кәсіби дайындық бойынша тестілеуден өтті. Үшіншісінде – тәртіп сақшылары елордалық полиция департаментінің криминалистикалық полигонында белгілі бір оқиға бойынша жұмыс істеп, «қылмыс орнын» қарай отырып, біліктіліктерін көрсетті. Ал соңғы екі сайыста олар эссе жазып, блиц-сұрақтарға жауап берді.

Үш күнге созылған конкурсты қорытындылау кезінде комиссия өз ісінің нағыз шеберлерін анықтады. Министрдің атынан жеңімпаздарға жүлделерді салтанатты түрде ведомство басшысының бірінші орынбасары Марат Қожаев табыстады.

Бірінші орын Түркістан облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі Ақиқат Қасымовқа бұйырды.

Екінші орынға Қызылорда облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисі Ілияс Райханов ие болды.

Үшінші орынды Батыс Қазақстан облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисі Гүлсара Нанаева жеңіп алды.

Қалған финалистер алғыс хаттармен марапатталды.

Марат Қожаев Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қызметкерлері мен курсанттары арасынан үздік оқытушы, үздік ғалым және үздік курсантты да марапаттады.

Ғылыми зерттеу институтының ІІО криминалистикалық қамтамасыз ету проблемаларын зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Сергей Шарипов – «Үздік ғылыми қызметкер»;

Академияның криминалистика кафедрасының аға оқытушысы Жасқанат Айтжанов – «Криминалистика пәнінің үздік оқытушысы»;

4-ші курс курсанты Оксана Рыбьякова – «Үздік курсант-криминалист».

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру