Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-нің үздік криминалисі анықталды

ІІМ үздік криминалисі” республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Еліміздің әр өңірінен келген 20 криминалист өз ісінің маманы атағына таласты. Бәсекелестік өте жоғары болды, ең мықтыны таңдау қиынға соқты, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Криминалистика – ішкі істер органдарының жұмысындағы маңызды бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы полицейлердің жұмысының едәуір бөлігі заттай дәлелдемелерді алу мен зерттеуден тұрады.

Қылмыс болған жерді қарау кезінде қызметкерлер хаттама арқылы жағдайды сипаттап, қылмысқа қатысты объектілерді суретке түсіріп, саусақ іздерін алу керек.

Конкурстың мақсаты – патриоттық тәрбие, криминалист мамандығының мәртебесін арттыру, кәсіби өзекті нығайту, жоғары жетістіктерге қол жеткізген және мінсіз абыройға ие үздік қызметкерлерді анықтау.

Сайысқа ІІМ аумақтық бөлімшелерінде өткен өңірлік байқаулардың 20 жеңімпазы қатысты.

Конкурсқа қатысушылар бірнеше критерий бойынша бағалаудан өтті. Бұл кәсіби құзыреттілік, қаралған оқиға орындарының саны, техникалық-криминалистикалық қамтамасыз етудің сапасы мен толықтығы, криминалистикалық есепке алу бойынша алынған іздерді тексерудің оң нәтижелері, заттай дәлелдемелерді зерттеу, сондай-ақ қызметтік және дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақтардың нәтижелері.

“Үздіктердің үздігі” атағы үшін қатысушылар үш күн бойы бақ сынасты. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Сондай-ақ маңызды критерийлерге сәлемдесу, тест нәтижелері, ситуациялық міндеттерді шешу, блиц-турнирден өту, эссе жазу мен криминалистикалық полигонда дағдыларды пысықтау жатты.

Байқаудың былтырғы жылдан айырмашылығы – полицейлер сәлемдесу бейнероликтерін өздері бағалады. Яғни, қатысушылар бір-біріне баға қойды.

Жеңімпаздарды ведомство басшысының бірінші орынбасары Марат Қожаев марапаттады.

Байқаудың қорытындысы бойынша “ІІМ үздік криминалисі” атағын алып, бірінші орынды Түркістан облысы ПД-ның криминалисі Ақиқат Қасымов иеленді. Екінші орынды Қызылорда облысының аға криминалисі Ильяс Райханов қанжығасына байлады. Үшінші орын Батыс Қазақстан облысы ПД қызметкері Гүлсара Нанаеваға бұйырды.

Сондай-ақ жедел-криминалистикалық қызмет бағыты бойынша оқытушылар, ғылыми қызметкерлер мен курсанттар арасында үздіктер аталды.

“Үздік ғылыми қызметкер” номинациясын Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының Ғылыми зерттеу институтының ІІО криминалистикалық қамтамасыз ету проблемаларын зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Сергей Шарипов алды.

“Криминалистика пәнінің үздік оқытушысы” болып академияның криминалистика кафедрасының аға оқытушысы Жасқанат Айтжанов атанды.

“Үздік криминалист курсант” номинациясын академияның Кәсіби даярлау факультетінің 4-курс студенті Оксана Рыбьякова иеленді.

Айта кетейік, өткен жылғы “ІІМ үздік криминалисі” байқауының жеңімпазы Жамбыл облысы ПД-ның қызметкері Ержан Өтебаев атанған еді. Кейін ол Қазақстан Республикасы ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментіне ауыстырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру