Үздіксіз бейнебақылау жүйесін енгізу бойынша жұмыс аяқталды – ҚР ІІМ
Елдегі түрмелерде 40 мың бейнекамера орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz cайтының тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі пенитенциарлық мекемелер мен қызметтік кабинеттерде, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде үздіксіз жүргізілетін бейнебақылау жүйесін енгізді.
Бейнебақылау жүйесі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мен қызметкерлердің іс-әрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз ету құралы болып табылады.
Өткен жылдың желтоқсан айында барлық полиция бөлімдері мен пенитенциарлық мекемелерде бейнебақылау жүйесін енгізу жұмысы аяқталды.
Қызметтік кабинеттерде, дәліздерде және баспалдақ алаңдарында, сондай-ақ полиция ғимараттарының периметрі бойынша 29 мыңға жуық бейнекамера, 78 пенитенциарлық мекемеде 40 мыңдай бейнекамера орнатылды. Ондағы бейнелер жедел басқару орталықтарына, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ахуалдық орталығына және прокуратура органдарына шығарылған.
Ақылды жүйенің көмегімен түрмелер мен түзеу мекемелерінде қашып кетпек болудың үш фактісі анықталды, 23 суицидке жол берілмеді, топтық төбелес пен жаппай тәртіпсіздікке айналуы мүмкін тоғыз жанжал тоқтатылды.
Сонымен қатар камералардың арқасында ұстау режимін бұзу деректерін анықтау алты есеге өсті. Жалпы 2023 жылы 15 мыңнан астам бұзушылық анықталды.
Сотталғандарға қатысты қызметкерлер тарапынан жасалған заңсыз әрекеттерге байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулер сегіз есе қысқарды.