Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ қылмыстық істі электронды форматта тергеудің артықшылықтары туралы айтты

Ішкі істер министрлігі еліміздің азаматтық жоғары оқу орындарында болашақ тергеушілерді даярлауға бағытталған «білім берудің дуалды жүйесі» бойынша кәсіптік бағдар беру бағдарламасын іске асыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Болашақ тергеушілерді дайындау мақсатында Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті, «Тұран-Астана» университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне электронды форматтағы қылмыстық істі тергеу бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Санжар Әділовтың айтуынша, сотқа дейін тергеудің бірыңғай жүйесі 2015 жылы енгізілді. Онда қылмыстық құқық бұзушылық, іс жүргізу, қабылданған шешімдер, арызданушылар мен жәбірленушілер туралы мәліметтер базасы қамтылған.

2017 жылы Қылмыстық іс жүргізу кодексіне қылмыстық істі құжат жүзінде және электронды форматта тергеп-тексеру тәртібін реттейтін түзетулер енгізілді. «Электронды қылмыстық іс» жүйесі осыған байланысты әзірленді.

Электронды іс – сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінің электронды форматындағы бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық бойынша қылмыстық қудалау органы жүргізетін жеке іс.

«Электронды қылмыстық іс» бағдарламасы қылмыстық процестің – қылмысты тіркеу, тергеу барысы және үкімді орындау кезеңдерін қамтиды.

«Электронды қылмыстық іс» жүйесінің артықшылықтары:
– қылмыстық процестің ашықтығы;
– бұрмалау мүмкіндіктерін азайту;
– қылмыстық істердің жоғалуын болдырмау;
– тергеу уақытын қысқарту;
– жүйелі ведомстволық бақылау және прокурорлық қадағалау мүмкіндігі (online қолжетімділік);
– қылмыстық процеске қатысушылар арасында сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жою.

2021 жылы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық тергеушілер тиісті компьютерлік техникамен жабдықталды.

Мәліметтер базасына кіру биометриялық датчик (тергеушінің саусақ ізі) арқылы жүзеге асады. Тергеу шарасына қатысушылар графикалық планшетте арнайы қаламмен (стилуспен) хаттамаға қол қояды. Процессор екі монитормен жабдықталған (тергеуге қатысушылардың мәтінді бір мезгілде теріп, түзетуіне мүмкіндік бар).

2018 жылы Қазақстанда электронды форматта 15 000 қылмыстық іске тергеу жүргізілді. Ол жалпы қылмыстық істің 4,8%-ын құрайды. 2019 жылы – 71 600 қылмыстық іс (19,6%), 2020 жылы – 115 000 (50%), 2021 жылы – 171 000 (80,8%) тергелді. 2022 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша электронды форматта 12 000 қылмыстық іс (87,7%) тергелді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру