ІІМ қыздарды сексуальдық мақсатта пайдалану үшін шетелге шығару жолдарын кесті
ІІМ қыздарды сексуальдық мақсатта пайдалану үшін шетелге шығару жолдарын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ қызметкерлері Бахрейнде сексуальдық мақсатта адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқан Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Бахрейн Корольдігі азаматтарынан құралған қылмыстық топты құрықтады.
Ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі халықтың әлеуметтік осал топтарынан 16-25 жас аралығындағы қыздарды алдап қақпанға түсірумен айналысатын топ жұмыс істеген.
Қылмыскерлер қыздарды шетелде жоғары ақы төленетін жұмысқа тұруға мүмкіндік бар деп алдап шақырады. Бұдан соң олардың паспорттарын рәсімдеуге, жәбірленушілердің, оның ішінде кәмелетке толмағандардың мемлекеттік шекарадан заңды өтуін ұйымдастыруға және оларды Бахрейн Корольдігіне тасымалдауға байланысты мәселелерді шешеді.
Бахрейнге әкетілген әрбір қызды қылмыскерлер 5-тен 15 мың АҚШ долларына дейін саудалаған.
Манама қаласына келгеннен кейін қыздардың паспорттарын алып, заңсыз бас бостандығынан айырып, ұзақ уақыт бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Егер бұған көнбеген жағдайда оларға күш қолданып, зорлық-зомбылық көрсеткен, кейбіреуіне ақшалай 500 мың теңгеге дейін айыппұл салып жазалаған, сондай-ақ Бахрейнде жезөкшелікпен айналысқаны үшін жауапкершілік қаралғанын ескере отырып, басқа сутенерлерге қайта сатамын немесе құқық қорғау органдарына хабарлаймын деп қорқытқан.
Қазіргі уақытта ҚР ІІМ ҚК-нің 135-бабының 4-бөлігі (Кәмелетке толмағандар саудасы) 2-тармағы және 128-бабының 3-бөлігі (Адам саудасы) бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде. Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұған дейін БАҚ-та хабарланғандай, ағымдағы жылы Бахрейн Корольдігінде адам саудасымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесілген болатын. Онда тергеу барысында Қазақстан Республикасынан және ТМД-ның басқа елдерінен зардап шеккендер бар екені анықталды. Бахрейнде ауыр қылмыс жасағаны үшін тоғыз адам (Бахрейннің төрт азаматы, ҚР төрт азаматы және Үндістанның бір азаматы) түрлі мерзімге сотталды.