ІІМ: Үш күнде құрамында спирті бар 7 тоннадан астам өнім тәркіленді
Операция өңiрлерге жалған және контрабандалық өнiмдердiң жеткiзу арналарының жолын кесуге бағытталды.
– Үш күнде тиісті құжаттарсыз құрамында спирті бар 7 тоннадан астам өнім анықталып, заңсыз айналымнан алынды. 160 мыңға жуық заңсыз темекі қорабы, 26 мыңнан астам вейп, олардың 34 мыңға жуық картриджі, 35 мың майлы текше және мыңнан астам снюс тәркіленді.
17 сотқа дейінгі тергеп-тексеру, 18 әкімшілік іс жүргізу басталды, сондай-ақ 35 материал шара қабылдау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне және Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберілді.
Мысалы, Павлодар қаласында полиция қызметкерлері үлкен көлемде заңсыз электронды темекі, қосалқы бөлшектер мен оларды толтыру үшін сұйықтықтары бар жасырын қойманы тапты. 3,5 мың вейп, олардың 10 мың қосалқы бөлшегі және шегетін темекілерді толтыруға арналған 3,7 мың сұйықтық құйылған зат алынды. 30 жастағы тауар иесі ұсталды. Тәркіленген бұйымдардың жалпы сомасы 150 млн теңгені құрады.
Алматы облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері алкоголь өнімін заңсыз өндіру және сату фактісін анықтады. Жергілікті тұрғынның жеке меншік үйінде орналасқан жасырын цехтан 2 тонна 600 литр алкоголь, 500 литр шикізат, 65 литр дайын өнім, 60 литр этил спирті алынды. Оның жалпы көлемі 3 тонна 225 литр, ал келтірілген залал 4,5 млн теңгеден асты.
Осындай шығу тегі күмәнді акцизделетін өнім азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін атап өту қажет. Сертификаттаудың және сапаны бақылаудың болмауы улану және басқа да теріс құбылыстар қаупін едәуір ұлғайтады.
Алкоголь және темекі өнімдерінің заңсыз саудасы мен көлеңкелі өндірісін жою бойынша жұмыс жалғасуда, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.