ІІМ жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік погондар табысталды
Елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Шара барысында ол еліміздің әскери және ведомстволық жоғары оқу орындарының түлектеріне алғашқы офицерлік шен табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Мемлекет басшысы жиналғандарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл мерекенің маңыздылығын атап өтті.
«Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты рәсім барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицер погонын алды.
Сондай-ақ курсанттарды Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та құттықтады. Ол жас офицерлердің еңбек жолына сәттілік тіледі.
«Бүгін Мемлекеттік рәміздер күні. 30 жылдық мерейтой. Осындай мерекеде салтанатты түрде біздің біраз курсанттарымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «лейтенант» атағын алып, құқық қорғау саласына ең бірінші қадамдарын жасады. Жас лейтенанттарды алғашқы шен алған күндерімен құттықтаймын», – деп атап өтті министр.
Алғашқы офицерлік шенді Мемлекет басшысының қолынан алу болашаққа нық сенім мен жігер бере түсті, – дейді өз әсерімен бөліскен жас ұландық жауынгер.
«Бүгін мен үшін өте айрықша күн. Өйткені ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдық мерейтойында салтанатты түрде біздің Жоғарғы Бас қолбасшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан әскери шен алу үлкен жетістік деп санаймын. Сондай-ақ әскери жоғары оқу орнында бізді тәрбиелеп, 4 жыл бойы білім нәрін берген Ұлттық ұлан басшылығына, оқытушылар құрамына, батальон командиріне алғысымды білдіргім келіп отыр. Біз, жас офицерлер, болашақта ҚР Қарулы күштерінің құрамында ел тыныштығын сақтап, аянбай қызмет етеміз деп сөз беремін!», – деді Ұлттық ұлан академиясының түлегі Бейбіт Қазытай.
Ішкі істер министрінің қолынан шен алғандар да ел игілігі үшін қызмет етіп, халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ахметжанов Марат Мұратұлының қолынан бірінші лейтенант шенін алғаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе!», – деді Қостанай академиясының түлегі Жазира Сапарбекова.
«ҚР Мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл толуына және Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай осындай ерекше күнде полиция лейтенанты атағын алу мен үшін үлкен мәртебе. Министрдің қолынан погон алу – біріншіден құрмет, екіншіден жауапкершілік», – деп ойымен бөлісті Ақтөбе заң институтының түлегі Қадырхан Бақытқадырұлы.
Ел қорғандарының қуанышын көруге ата-аналары мен туыстары да келді.
«ІІМ Алматы академиясының барлық ұжымына рақмет, басымды иемін. Жастардың алған дипломдары құтты болып, әр уақытта еліне, жұртына адал қызмет етсін деп тілеймін. Қазақстанның әрбір азаматының кіндік қаны тамған жерге маңдай тері де адал тамсын деп тілеймін», – деп тілегін білдірді Зәуреш Жакатаева.
Салтанатты шарада ант беріп, погон таққан қыз-жігіттер енді полиция қатарында қызмет ететін болады.
Айта кету керек, бұл күні барлық аумақтық полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінде, ІІМ оқу орындарында бір уақытта Мемлекеттік ту көтеріліп, Мемлекеттік гимн шырқалды.