Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында ер адамды бопсалаған жігіт 3 жылға сотталды

Түркістан облысында ер адамды бопсалаған жас жігіт үш жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне 2022 жылдың ақпан айында жергілікті тұрғын хабарласып, өзін белгісіз біреу бопсалап, ұялы телефонын тартып алғанын жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, оның араласып жүрген қызы қонақ үйге шақырған. Содан екі жас бөлмеде болған кезде, бөгде ер адам кіріп келіп, менің сүйген қызыма зорлық көрсеттің, сотталып кеткің келмесе, бір апта ішінде 500 мың теңге әкел деп қорқытқан. Онымен қоймай бейнетаспаға түсіріп, талап еткен қаражатты әкелмесең, таратып жіберемін деп жеңіл дәрежелі дене жарақатын салып, ұрып-соққан. Сондай-ақ, қолындағы Samsung S9 телефонын тартып алып, ақша әкелгенде аласың деп бопсалаған.

Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша тіркеуге алды.

Сарыағаштық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, бірден іске кірісті. Жәбірленушінің жауабы бойынша күдіктінің жеке басын және оның аталған қонақ үйде екенін анықтады. Сезіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді.

Аталған істі Сарыағаш АПБ-ның аға тергеушісі Тимур Момбеков жүргізіп, күдіктінің қылмыстық іс-әрекетін дәлелдеп шықты. Сонымен қатар, жас жігіттің бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасап, 2019 жылдың 26 желтоқсанында Қазығұрт аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын алғаны белгілі болды.

Яғни, күдікті жазасын өтеп болмай жатып, қайта қылмыс жасаған. Полицейлер жинақталған іс құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдады. Нәтижесінде, 23 жастағы жас жігіт ҚР ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша кінәлі деп танылып, Сарыағаш аудандық сотының шешімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру