ІІО адамдар көп жиналатын нысандарды тексеріп жатыр
ІІО террористік тұрғыдан осал объектілерде, оның ішінде сауда және ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық тамақтану орындарында және басқа да нысандарда жоспарлы тексерулер жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда террористік шабуылдарға осал деп танылған адам көп жиналатын 17 мыңнан астам нысан аймақтық тізімдерге енгізілді. Жыл басынан бері осы санаттағы 1 723 объект тексерілді, анықталған бұзушылықтар бойынша 525 басшы мен меншік иесіне оларды жою туралы нұсқама берілді.
Тексеру барысында қызметкерлердің білімі мен дағдылары, сондай-ақ әртүрлі дағдарыс жағдайларындағы іс-қимылдар бойынша объектілерді күзету деңгейі қаралады. Сондай-ақ аталмыш нысандардың 36 мыңнан астам қызметкеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, су тасқынына байланысты Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының жекелеген қалалары мен аудандарында тексерулер уақытша тоқтатылды.