Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Онлайн-кездесуде Алматы тұрғындарынан 50-дей сұрақ түсті

Полиция департаменті мен Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы тұрғындармен онлайн кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Эфирге бес жүзден астам адам қатысты. Спикерлер осы жылдың 1-тоқсанындағы статистикалық мәліметтермен және жұмыс нәтижелерімен бөлісті, сондай-ақ ҚР ҚПК 200-бабының тәртібін түсіндірді.

 

Аудитория алдында сөз сөйлеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Ернар Макажанов мемлекет басшысы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы қойған міндеттерді орындауға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды департамент үнемі жүргізіп отыратынын жеткізді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басты басымдылығы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың салдарымен күресу емес, керісінше, дер кезінде оның алдын алу және болдырмау болып табылады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған алдын алу шараларын қамтиды. Осыған байланысты бұл олқылықпен күресте жан-жақты тәсілдерді қамтитын сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат күшейтілді. Басымдылық – профилактикалық жұмыстарға берілді, оның ішінде полиция қызметі де бар», -деп толықтырды Ернар Макажанов.

Алматы облысының Полиция департаменті басшысының орынбасары Данияр Мендебаев Полиция департаментінде жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қызметтік тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету бойынша түрлі шаралар кешені қабылданып жатқанын хабарлады.

«Қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық деректері бойынша қызметтік тергеу жүргізіледі, олардың нәтижелеріне сай кінәлілер теріс себептері бойынша ішкі істер органдарынан босатылады, қарамағындағылардың қызметіне дұрыс бақылау жүргізбеген басшыларға тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданады, тіпті атқарып жүрген қызметінен босатылады», – дейді Данияр Мендебаев.

ПД басшысының орынбасары төтенше жағдай кезіндегі жұмыс нәтижелеріне жеке тоқталды. Атап айтқанда, Алматы облысының аумағында ТЖ режимі енгізілген екі ай ішінде 402 ТЖ режимін бұзу дерегі тіркелген, нәтижесінде 55 адам қамаққа алынып, 68 адамға айыппұл салынған, 26-на ескерту беріліп, қалған деректер соттың қарауына жіберілген.


Спикерлер тікелей эфирде қойылған барлық сұраққа жауап берді. Эфир арқылы 50-ге жуық сұрақ түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру