Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол сақшысына тұрғын алғыс жолдады

Нұр-Сұлтан қаласында тұрғынға қиын кезде көмек қолын созып, дер кезінде ауруханаға жеткізген жол сақшысына алғыс жолдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елде жарияланған төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейтілген режимге көшіп, оларға артылған жауапкершілік еселене түскені белгілі. Бұл ретте құқық қорғау органы өкілдері халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, осындай қиын-қыстау сәтте шұғыл көмекке мұқтаж жандардың да алғысын алып жатыр.

Нұр-Сұлтан қаласы ПД патрульдік полициясы полкінің инспекторы Берікбол Көксеген 15 сәуірде Көкшетау тас жолындағы блок-бекетте кезекшілік етті. Қызмет барысында инспекторға Гүлнар Молдашева есімді тұрғын қала маңында тұратын ағасының науқастанып қалғанын, оны тез арада Нұр-Сұлтанға жеткізу керектігін айтып хабарласады.

Полицей мұндай өтінішке бей-жай қарамай, науқас азаматты бекетте қалыптасқан көлік нөпірінен жылдам өткізіп, ауруханаға жеткізуге қол ұшын созады.

Берікбол Көксегеннің осындай әбжіл, қайырымды қызметіне риза болған Гүлнар Молдашева әлеуметтік желі арқылы алғысын жариялады.


Өз постында елорда тұрғыны полицейлердің блок-бекеттегі жұмысы тиянақты ұйымдастырылғанын, жол сақшыларының әр азаматтың талап-тілегіне құлақ түріп әрекет етіп жатқанын жазады.


Нұр-Сұлтан қаласы ПД полиция қызметкерлерінің елдегі төтенше жағдай кезінде әркез халықтың қауіпсіздігін басты назарда ұстап жұмыс істейтінін, қиналған, көмекке мұқтаж әр азаматтың өтініші ескерілетінін хабарлайды.
Біз біргеміз!
Қиындықты бірге еңсереміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру