Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық полиция басшысы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанын қорытындылады

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінде Департамент бастығы Марат Төлебаевтың қатысуымен 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер жөнінде кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Күн тәртібіне жыл басынан бергі жұмыс қорытындыларына және жеке құрам арасындағы заңдылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тәртібінің жай-күйіне қатысты екі мәселе шығарылды. Департамент бастығының орынбасарлары баяндама жасады, онда полиция ведомствосы жұмысының негізгі бағыттары бойынша статистикалық деректер айтылды.

Сонымен қатар, Полиция басқармалары мен дербес бөліністердің басшыларының есептері тыңдалды. Жалпы қылмыcтың төмендеуінің оң динамикасы байқалды.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қылмыстарды тіркеу 7,8%-ға төмендеді. Барлық түрлер бойынша төмендеу байқалады. Кісі өлтіру, тонау, зорлау, бұзақылық аз жасалған. Көшедегі және қайталанатын қылмыс азайған. Барлық кісі өлтіру, қарақшылық, адам өлімімен аяқталған ауыр дене жарақаттары, автокөлік ұрлығы ашылды. Тонау, бұзақылық, айдап әкету, автокөлік салондарынан ұрлаудың анықталу деңгейі жақсарды.

Есірткі қылмысына қарсы күресте есірткіні жарнамалау, өткізу және елорда арқылы тасымалдау фактілерін анықтауға баса назар аударылады. Синтетикалық есірткі түрлерімен байланысты 38 есірткі қылмысы анықталды, 26 килограмнан астам синтетика тәркіленді, 3 есірткі зертханасы қызметінің жолы кесілді және 49 есірткі сайттары бұғатталды. Барлығы 176 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде 32 өткізу фактісі, 60 килограмнан астам есірткі заты тәркіленді.

Сондай-ақ, Департамент бастығы полиция қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуді, сервистік модельге көшуді атап өтті. Алматы және Сарыарқа аудандарының аумақтарында “Полицияның қазақстандық сервистік моделі” пилоттық жобалары іске асырылуда.

Пилоттық жобалар іске қосылғаннан бері учаскелік инспекторларды тану деңгейі 3 есеге жуық өсті, олардың жұмыстарының ақпараттық жарықтандырылуы артты. “Жұртқа жақын полицей” қағидаты жұмысқа енгізілуде, бұл қоғамдық орындарда қызметкерлердің тұрақты түрде болуын қамтамасыз етеді.

Өткен жылы қала бойынша модульдік типтегі 10 стационарлық полиция бекеті орнатылған. Учаскелік полиция пункттерінің саны артты. Адамдар көп жиналатын жерлерде дабыл сигналын беру және полицияны шұғыл шақыру үшін 13 “SOS” дабыл батырмасы орнатылған.

Кеңес барысында атап өтілгендей, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру басым бағыттардың қатарында қалып отыр. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, елордада жол қауіпсіздігі жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Қала жолдарында қосымша бағдаршамдар, жобаланған жаяу жүргіншілер өткелі салынды, жаяу жүргіншілер өткелдері жарықтандырылды, қозғалыс бағытын үйлестіретін жол белгілері орнатылды. Нәтижесінде жолдардағы өлім деңгейі төмендеді.

Сонымен қатар Марат Төлебаев Мемлекет басшысының Балалар жылында балаларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғаудың тиімділігін арттыру, интернет-алаяқтыққа, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жасау және сенімді көші-қонды бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен үйлесімді іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті.

Департамент бастығы заңдылық пен тәртіптің сөзсіз сақталуына, өз қатарларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң іс-қимыл жасауға, кадр саясатын жетілдіруге ерекше назар аударды және басшылардың қоластындағы қызметкерлер үшін жауапты екенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша полиция басқармалары мен бөліністерінің басшыларына қылмыстарды ашу деңгейін арттыру, сотқа дейінгі тергеу сапасына сұранысты қатаңдату, есепте тұрған контингентке бақылау жүргізу, маскүнемдік пен отбасылық-тұрмыстық қылмыстың алдын алу, жолдардағы апаттылықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылдау, сондай-ақ, ішкі істер органдарына қызметке сапалы іріктеуді қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру