Integrity check: жүргізуші жалған құжат көрсетіп, жауапкершіліктен құтылуға тырысты
ІІМ ішкі істер органдарының қызметкерлерін парасаттылыққа тексеру (Integrity check) бойынша іс-шараларды жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексерушілер полиция қызметкерлерінің жұмысындағы күнделікті жағдайларды модельдеп, сақшылардың жауап беру нұсқаларын зерттейді және олардың іс-әрекеттерін бағалайды.
Ең алдымен халықпен күнделікті байланыста болатын қызметкерлер мен бөлімшелер тексеріледі.
Полиция қызметкерлері азаматтар бір мәселемен жүгінген кезде оларды тексеруші ретінде қабылдап, өз міндеттерін адал орындайды.
Мәселен, Павлодар қаласының патрульдік полиция инспекторлары жол жүрісі қағидаларын бұзған Lexus автокөлігін тоқтатты.
Елордалық жүргізуші полицейлерге ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметкерінің қызметтік куәлігін көрсеткен. Соған қарамастан жол жүрісі қағидаларын бұзған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызметтік куәлік те сақшылардың назарына ілікті. Анықталғандай, куәлік құжаттың түпнұсқа үлгісіне сәйкес келмеген, яғни жалған болып шыққан.
Павлодар облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы көрінеу жалған құжатты пайдалану фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.