Интернет қауіпсіздігі мен буллинг: СҚО-да полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабақтарын өткізуде
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер оқу орындарында қауіпсіздік сабақтарын өткізуді жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бір күннің ішінде ювеналды полиция инспекторлары Петропавл қаласындағы бірден үш білім ошағында болды: №26 мектеп-балабақшасында, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектепте және Абай Құнанбайұлы атындағы қазақ мектеп-гимназиясында. Тәртіп сақшылары әр жастағы оқушыларды қамтып, жоғары сынып оқушыларымен бұзақылық, соққы беру, қорқытып ақша алу, буллинг және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік туралы әңгімелесті.
Облыс бойынша жасөспірімдер қылмысы 37 пайыз төмендеді. Биылғы 10 айда кәмелетке толмағандар жасаған 22 құқық бұзушылық тіркелді. Ауыр және аса ауыр қылмыстарға жол берілген жоқ.
Бүгінгі жастардың көп уақыты әлеуметтік желілерде өтетіндіктен, полицейлер интернет қауіпсіздігіне ерекше мән береді. Олар оқушыларға киберқылмыскерлердің айла-тәсілдерінен сақтану жолдарын, есірткі таратудың заңсыз схемаларына тартылмау және интернет алаяқтардың серігі болып кетпеу туралы түсіндіреді.

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қарсы 78 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 12-сі балалар зардап шеккен жол-көлік оқиғаларына қатысты. Қалғандары ішінде ең жиі кездесетіні — соққы беру фактілері (14 жағдай). Полицейлер жасөспірімдерге өздерін қылмыстық әрекеттерден қорғау жолдарын түсіндіріп, кез келген қауіп туралы ата-аналарына, мұғалімдеріне және міндетті түрде полиция қызметкерлеріне хабарлау қажеттігін ескертеді.
Бұл ақпараттық жұмыс "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында жүргізіліп, өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
