Интернеттегі алаяқтық: Абай облысында полиция мыңнан астам заңсыз сайтты бұғаттады
Жыл басынан бері Абай облысында 408 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Полиция профилактикалық жұмысты үздіксіз жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
408 интернет-алаяқтық дерегі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55,7%-ға көп. Осы жылы қаңтар айында құрылған киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы интернет-алаяқтықтың 17 эпизоды бойынша 11 күдіктіні ұстады. 1 190-нан астам заңсыз сайт бұғатталды.
Маңызды құралдардың бірі — полиция мен екінші деңгейлі банктерді онлайн режимде біріктіретін "Антифрод орталығы" жүйесі. Жыл басынан бері бұл жүйеге 1 056 инцидент тіркеліп, 392 алаяқ есепшот иесі (дроппер) анықталды. 16,5 млн теңгеден астам қаражат бұғатталып, соның ішінде 9,8 млн теңгеден астамы жәбірленушілерге қайтарылды. Бір рейд барысында полиция ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, Семей қаласында SIM-box деп аталатын заңсыз құрылғыны тәркіледі. Бұл құрылғы виртуалды нөмірлер арқылы алаяқтыққа пайдаланылған. 60 жастағы тұрғын ұсталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: бөгде адамдарға жеке және банк деректеріңізді бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, ақпарат көздерінің шынайылығын тексеріңіз.