Инвесторлар сотталғандарды жұмыспен қамту үшін бос ғимараттарды көріп шықты
ҚАЖ мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасында ҚАЖ мекемелерінде жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету жүктелген. Жуырда аталған Жол картасындағы міндеттерді орындау мақсатында Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №14 мекемеге инвесторлар шақырылып, бос ғимараттар көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда №14 мекемесінде 917 адам жазаларын өтеп жатыр. Олардың 300-ге жуығы еңбекпен қамтылған, аталған мекемеде 8 жеке кәсіпкерлік жұмыс істейді. Ет өнімдерін өндіру цехында 12 адам жұмысқа тартылған. Инвесторлармен болған кездесудің мақсаты – осы ет өнімдерін өндіретін цехтардың көлемін арттыру.
– Қылмыстық-атқару жүйесіндегі сотталғандарды жұмысқа орналастырудың сотталған азаматтардың болашақта қоғамнан өз орнын тауып, пайдалы кәсіппен айналысуларына тигізітін ықпалы зор, – дейді №14 мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің инспекторы Ерік Райымқұлұлы.
Кездесу барысында ет және шұжық өнімдерін шығаратын «Мясоед» дүкендер желісінің басшылары Куаныш Байтереков пен Талғат Нуптиев мекеменің ет пен шұжық өнімдерін шығаруға қолайлы бос ғимараттарымен танысып шықты.