Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Исатай ауданында екі учаскелік полиция пункті ашылды

Исатай ауданында екі учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

23 маусым – Қазақстан Полициясы күні қарсаңында Атырау облысы Исатай ауданының Х. Ерғалиев және Тұщықұдық ауылдарында учаскелік полиция пункттері ашылды.

Басты ерекшелігі мұнда  – қызметкердің және оның отбасының өмір сүру жағдайлары қарастырылған тұрғын-жай бар. Мемлекет басшысының жолдауында Ішкі істер органдары жүйесін реформалауда басты рөл учаскелік полицейлерге жүктеліп, олардың қызметіне ерекше көңіл бөлінетіні айтылды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: учаскелік полиция инспекторының стандарты “полиция қадамдық қолжетімділікте” қағидаты бойынша құрылуы тиіс, бүгінгі күні бұл – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі, деп атап көрсеткен еді.

– Осындай ғимараттың ашылуы тәртіп сақшысының жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығын сақтауға және қылмыстың алдын алуға зор ықпалын тигізері анық. Өйткені ол тұрғындардың арыз-шағымын осында қабылдап, уақытын үнемдеп, кез-келген мәселеге дер кезінде ден қоя алады. 2018 жылы Атырау облысы әкіміне ұсыныс беріп, 34 учаскелік полиция пункттерінің жаңа ғимараттарын салуды жоспарлағанбыз, бүгінде жоспар бойынша 28 учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді. Баршамызға белгілі наурыз айында өткен Сенат отырысында полицияның сервистік моделіне көшуінің заңнамалық талқылауында учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру мәселесі де көтерілген еді. Мұның барлығы қоғамда азаматтардың қауіпсіздігі мен қылмыстың алдын алу мақсатында жасалынатын іс-шаралар, – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

 

Учаскелік полиция пунктерінің ашылу салтанатына Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев пен Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов, ІІО-нің Исатай ауданындағы ардагерлері қатысты.

– Учаскелік полицей қызметінде 2014 жылдан бері қызмет атқарамын. Бүгінгі күні жаңа ғимарат ашылды. Мұнда төрт бөлмелі жұмыс ғимараты мен отбасым үшін қарастырылған төрт бөлмелі тұрғын-жәй да бар. Расымен де, қадамдық қолжетімділікте қызмет атқаратын боламын. Өйткені тәулік бойы жұмыс істеуге қолайлы десем болады. Тұрғындардың арыз-шағымы бойынша жедел ден қоюыма жағдай жасалып отыр, – деді Тұщықұдық ауылының учаскелік инспекторы Шыңғыс Ибатов.

Айта кетейік, Атырау облысы аумағында соңғы екі жылда жанадан 28 учаскелік полиция пункттерінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Ағымдағы жылы тағы бас учаскелік полиция пункттері ашылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру