Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әке рухын жаңғыртқан ұл

23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Көліктегі полиция департаменті қызмет кезінде қаза тапқан Мұратбек Өмірбеков туралы деректерді жаңғырты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осыдан 29 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1992 жылдың ақпанында “Мәскеу-Ташкент” бағытындағы жолаушылар пойызының арнайы вагонында этаппен айдалып бара жатқан аса қауіпті алты қылмыскер пойызға ілесіп жүру айдауыл жасақтарын жаралап, Тартоғай станциясынан түсіп қалып, қашады. Аяқ астынан “бостандыққа” шыққан қаскөйлер “Қызылорда-Сарыағаш” бағытындағы қалааралық автобусты жолаушыларымен қоса, кепілдікке алады.

Жолаушыларға күш көрсетіп, арнайы байланыс құралы арқылы жергілікті биліктен үлкен мөлшерде қаржы, әрі шет елге кету үшін ұшақпен қамтамасыз етуді талап етеді…

Құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері жедел түрде аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтау мақсатында “Дабыл” операциясын ұйымдастырады. Қылмыскерлерді залалсыздандыру мақсатында құрылған арнайы топтың ішінде Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінің жедел уәкілі Мұратбек Өмірбеков те бар болатын… Қанды қол қылмыскерлердің екеуін залалсыздандырып үлгерген милиция аға лейтенанты жан берісіп, жан алысқан айқас үстінде өзі де оққа ұшады…

Осылайша, кепілге алынған азаматтардың өмірін сақтап қалу жолында жанын аямаған қайсар азамат Мұратбек Әмзеұлы небәрі 32 жасында қызмет бабында қаза тапты. Бұл туған ел тағдырының ең бір шешуші кезеңінде Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің ішкі істер органдары қайтадан құрылып, “милиция” атауы, “полиция” болып өзгертілген тұс еді… Мұратбек Өмірбеков Қазақстан полициясы құрылатын күнге санаулы ғана айлар қалғанда қапияда көз жұмды. Өкінішті… Десек те, жанкешті ерлік бағаланды. Дәлірек айтқанда, 1996 жылдың 9 желтоқсанында Президент жарлығымен Мұратбек Әмзеұлы Өмірбеков II-ші дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды.

Ең бастысы, есіл азаматтың артында жұбайы, ізбасар үш ұлы қалды.

Перзенттерінің арасында Ринат әке жолын таңдады. Ол 2008 жылы ішкі істер органдарына қызметке келді. Полиция қызметінде кездесетін түрлі қиыншылықтар мен қауіп-қатерлер оның жігерін мұқалтпады. Керісінше, темірдей тәртіп пен жауапты қызмет оны жаныды, ширатты. Осылайша, қаһарман әкенің өшпес рухы ұрпағының бойындағы күш-қуатпен қайта жаңғырды. Ринат қазір Шиелі станциясындағы желілік полиция бөлімінде қызмет етеді. Кең далаға төсін сүйреп, ізін салып жатқан темір жол бойындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етуде.

– Әкеміздің ержүрек батырлығы біз үшін өмір бақи үлгі болып қалмақ. Қай жерде жүрсем де ол кісінің атына дақ түсірмей, абыроймен қызмет етуді мұрат еттім, – дейді қайсар әкенің ізбасары.

Атпал азамат өзінің полиция мамандығына қызығушылығының бала кезінен-ақ болғанғын айтады. Сөзі қысқа да нұсқа. Сұңғыла сақшыға тән қасиет.

Тағдырын адам таңдайтын ба еді?! Анасы Күләш та басына түскен қиындыққа мойымай балаларын барынша ізгілікке баулыды, адамдық қасиетке тәрбиеледі. Асқар таудай әкесінің нағыз кісілік келбеті де анасының оны үнемі құрметтеуі, ол туралы айтқан жылы естеліктері арқылы қалыптасқан-ды.

Рас, Мұратбек Әмзеұлы сияқты айбыны асқақ азаматтарымыздың үзілген үмітінің ұлағатты ұрпағымен жалғасын табуы көңілге медет. Ринаттың да әке беделін арттырып, рухын ұлықтауы – оның көргенділігі, тектілігі.

Бүгін де Ринат отбасылы. Ұл мен қыз тәрбиелеп отырған берекелі шаңырақтың отағасы. Анасының қамқоры.

Егеменді еліміздің тыныштығы мен тәртібінің тірегіне айналған Қазақстан полициясының сапында әкенің орындалмай қалған арманы мен ұлы мұраттарын жалғастыратын осындай ұстанымы берік азаматтардың қызмет ететіндігі зор мақтаныш.

Біз де күн-түн демей қоғам қауіпсізідігі мен халық игілігі жолында еңбек етіп жүрген полицейдің жауапты қызметіне сәттілік тіледік.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру