Қарағанды облысында Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Қарағанды облысында ерекше мерекелік атмосфера болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстың барлық қала және аудан орталықтарындағы саябақтар мен қоғамдық орындарда ұйымдастырылған ауқымды концерттік бағдарламалар жүздеген тұрғынды бір алаңға жинады. Бір сахнада Қарағанды облысы полиция департаментінің, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, мамандандырылған күзет қызметінің және Ұлттық ұланның шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
– Бүгін Полиция департаментінің бастамасымен Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Осындай іс-шаралар облыстың барлық қала-аудандарында өткізілуде. Оның басты мақсаты – тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау ғана емес, полиция мен қоғам арасындағы өзара сенім мен серіктестікті одан әрі нығайту, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мұғманов.
Концерт барысында көрермендер әсем әндер мен әсерлі билерді, патриоттық шығармаларды және түрлі сахналық қойылымдарды тамашалады. Қызметтік міндетін мінсіз атқарып жүрген тәртіп сақшылары бұл жолы өздерінің шығармашылық қырын паш етіп, өнерге жақын, жан-жақты тұлға екенін көрсетті.
Әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлінді. Кішкентай қонақтар үшін қызықты ойындар, танымдық викториналар мен түрлі интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылып, мерекенің шырайын аша түсті.
Мұндай кездесулер полицияның қоғаммен байланысын нығайтып қана қоймай, құқық қорғау органдарының ашықтығын, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Бүгінде полиция мен қоғам арасындағы сенім – қоғамдық қауіпсіздіктің берік негізі. Сондықтан мұндай бастамалар азаматтар мен тәртіп сақшылары арасындағы өзара түсіністік пен құрметті арттыруға зор үлес қосады.
Мерекелік кеш барысында өнер көрсеткен полиция қызметкерлері өздерінің шығармашылық қабілеттерін ғана емес, елге адал қызмет етуге деген шынайы ықыласын да жеткізді. Бұл тұрғындарға полицейлерді жаңа қырынан танып, олардың адамгершілік келбетін жақынырақ көруге мүмкіндік берді.
