Ішімдікпен болған отырыс петропавлдықты 1 миллион теңгеге жуық қарызға батырды
Ішімдікпен болған отырыс петропавлдықты бір миллион теңгеге жуық қарызға батырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөліміне білім беру мекемесінде жұмыс істейтін қала тұрғыны жүгінген. Демалыс күндері ол бос уақытын көңіл көтеретін орында өткізіп, сонда 26 жастағы қалалықпен танысқан. Кейін олар жалға алынған пәтерде ішімдік ішуді жалғастырған. Онда жәбірленуші ұйықтап кеткен, ал келесі күні оның атына сомасы 999 158 теңге несие алынғанын анықтаған. Займ құпия сөзбен қорғалмаған оның телефонындағы мобильді қосымша арқылы ресімделген. Ер адам полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары жәбірленушімен бірге ішімдік ішкен жас жігіттің қылмысқа қатысы барын жедел анықтады. Несиені ол төрт ұялы телефон сатып алуға жұмсаған.
– Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-б. (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді, – дейді Бірінші ПБ бастығы Тілеген Әлжанов. – Күдікті бұрын қорқытып алушылық жасағаны үшін сотты болған. Қала тұрғындарын сақ болуға және бейтаныс адамдарға сенім білдірмеуге шақырамыз. Алкогольді асыра пайдаланудың соңы көбіне қылмыстардың жасалуына себепші болатынын естен шығармаған жөн. Бұдан бөлек, өз мобильді құрылғыңызға бөгде адамдар білмейтіндей құпия сөздерді орнату маңызды. Бұл, әсіресе, бүгінгі таңда ұялы телефонның байланыс және интернет арқылы қарым-қатынас жасау құралы ғана емес, сонымен қатар қаржы операцияларын жасау құралы ретінде пайдаланылуы өзекті болып отыр.