Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер министрі Алматы полициясының жұмыс қорытындысымен танысты

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелерінің басшыларымен кеңес өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомство басшысы Департаменттің жедел-қызметтік жұмысының қорытындыларын қарап, министрліктің кеңейтілген алқа отырысында берілген ел Президентінің тапсырмаларына және ішкі істер органдарының алдына қойылған міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды.

Ол мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның бірлігін сақтау басты міндет екенін,  сол себепті де Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында министрліктің ішкі істер органдарының азаматтармен өзара қарым-қатынасының сервистік моделін енгізіп жатқанын, оның негізгі элементі – «жұртқа жақын полиция» қағидасы болуы керектігін атап өтті.

– «Жұртқа жақын полиция» тұжырымдамасы азаматтармен тығыз байланыс орнатуды, халықпен коммуникация жасаудың тиімді әдіс-тәсілдерін пайдалануды көздейді. Бүгінде құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде біз құқық бұзушылықтарды анықтау мен қылмыстарды ашуда полицияға жәрдемдесетін қоғамдық құрылымдардың, еріктілер мен қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамайтын азаматтардың көмектерін пайдаланамыз, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Кеңес барысында Министр Департамент басшылығына қаладағы криминогендік жағдайды жақсарту үшін Алматы полициясының барлық күштері мен құралдарын іске қосуды тапсырды. Ол алдын алу шараларын күшейту қажеттігіліне, сондай-ақ жұртшылықты қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді тартуға назар аударды.

 – Азаматтардың қауіпсіздігі мәселелерінде бүгінде қылмыстарды ашуда және құқық бұзушылықтардың алдын алуда негізгі рөл атқаратын патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың әлеуетін, сондай-ақ қылмыстың алдын алу мен оған қарсы күрестің тиімді әдістерінің бірі ретінде бейнемониторинг жүйесін кеңінен пайдалану қажет, – деп атап өтті Ішкі істер министрі.

Ерлан Тұрғымбаев Президенттің тапсырмасы бойынша қызметкерлерге еңбекақы төлеу мен әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту жөніндегі шараларға жеке тоқталды. Ол Қ.Тоқаевтың жеке құрамды жан-жақты қолдауды негізгі міндеттердің бірі ретінде көрсеткенін жеткізді. Қазір тұрғын үй өтемақысын алу құқығына ие қызметкерлердің тізімі кеңейтілді, тәртіп сақшыларының жалақысы көбейтіледі.

 – Сондықтан полицияда дөрекілікке орын жоқ, мұнда дайындық деңгейі жоғары адамдар қызмет етуі керек. Мемлекет пен қоғам оң өзгерістерді күтуде. Құқықтық тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуы тиіс, – деп Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының сөзін еске салды.

Министр жедел кеңес жұмысының қорытындысы бойынша Алматы полициясының қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар беріп, қызметте ерекше көзге түскен полицейлерді марапаттады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру