Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтпек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда тілдің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекет саясатының басты бағыты екендігін атап өткен болатын.
Ішкі істер министрлігі де бұл жұмысты қолға алып отыр. Бүгінде ішкі істер органдарында қазақ тілін қолдану көрсеткіші 95%-ды құрайды. Алайда ведомство мұнымен шектеліп қалмақ емес, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Қазақ тілін қолдану аясын кеңейту керек. Құжаттарымыз да қазақ тілінде. Қызметкерлер арасында мемлекеттік тілді қолдану көрсеткіші де жоғары дәрежеде. Бірақ оны 100%-ға жеткізуге тиіспіз, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков.
Осы орайда министрліктің қызмет басшылары мен олардың орынбасарларына қазақ тілін білу деңгейін анықтау бойынша Qaztest жүйесімен тестілеу ұйымдастырылды. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігі ұлттық тестілеу орталығының өкілдері қабылдады.
Айта кету керек, бұл шара мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған.