Ішкі істер органдарының 628 қызметкері марапатталды
Ішкі істер органдарының 628 қызметкері ведомстволық медальдармен және грамоталармен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ардагерлерді және ІІМ-нің барлық жеке құрамын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Ведомство басшысы атап өткендей, бұл мереке халықты Тәуелсіздік құндылықтарының айналасына біріктіреді, қазақстандық патриотизмді нығайтып, ел тағдырына жеке қатысып, жауапкершілікті сезінуге үйретеді.
Тұңғыш Президент күнін мерекелеу құрметіне орай Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарының 628 қызметкерін және Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін марапаттау туралы бұйрыққа қол қойды, олардың 124-і «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды, оның ішінде 105-і ІІО аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері.
– Елбасының дана да сарабдал саясаты және еңбектері, Отанға деген шексіз махаббатының арқасында Қазақстан дамудың бірегей үлгісін қалыптастырып, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірде терең өзгерістерге қол жеткізілді. Тәуелсіз Қазақстанның ішкі істер органдарының тарихы Елбасының – еліміздің Тұңғыш Президентінің қызметімен тығыз байланысты. Елбасы – қазақстандық құқық қорғау жүйесі реформаларының негізін қалаушы және бастамашысы, – деп атап өтті ІІМ басшысы.