Кафенің клиентін тонаған бұзақы 80 мың теңгесін тартып алған
Түркістан қаласында кафе клиентін ашықтан-ашық тонап, ақшасын тартып алған бұзақы көп ұзамай полиция қолына түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне қала тұрғыны арызданған. Айтуынша, жергілікті кафелердің бірінде оны күш көрсетіп тонап кеткен. Бұзақы ұялы телефоны мен 80 мың теңгесін қалтасына басыпты.
Бұл факт Түркістан ҚПБ-на ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (тонау) бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді. Жәбірленушіге келген шығын мөлшері 150 000 теңгеге шықты.
Түркістан қалалық ПБ-ның қызметкерлері арада екі күн өткенде күдіктіні қала көшелерінің бірінен ұстады. Кентау қаласының тұрғыны полиция басқармасына жеткізілді. Тергеу кезінде оның мастықпен жәбірленушіні тонап, оның бағалы заттарын алып кеткені де анықталды. Ол телефонды басқа біреуге сатып, ақшасын өз қажетіне жұмсап жіберген.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.