Кальян шеккен павлодарлықтар айыппұл арқалады
Кальян шеккен павлодарлықтар айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының Орталық полиция бөлімінің ювеналдық полиция қызметкерлері рейдтік алдын алу іс-шараларын өткізу барысында Генерал Дүйсенов көшесіндегі дәмханада аталған мекеменің 33 жастағы әкімшісінің кальян шеккенін анықтады. Әкімшіге қатысты ҚР ӘҚБК-нің 441-бабы бойынша хаттама толтырылып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
– Осы мақаланың нормалары темекі шегудің алдын алуға және шектеуге, соның салдарынан халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған, – деп атап өтті Әсия Әлкеева.
Айта кету керек, Қазақстанда темекі шегу туралы заңнама күшейтілді. Жаңа заңға сәйкес, өз үйіңізден басқа барлық жерде кальян шегуге тыйым салынады.
Сонымен қатар, адам денсаулығына қаупін азайту үшін темекі өнімдері мен электронды темекі шегуге тағы бірнеше қоғамдық орындарда тыйым салынды. Енді жабық қоғамдық аялдамаларда, ойын алаңдарында, метрода және жер асты өткелдерінде темекі шегуге болмайды.
Айта кету керек, жыл басынан бастап белгіленбеген жерлерде темекі шегіп, заңнама талаптарын бұзғаны үшін 429 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.