Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар жалғасуда
Қызылорда қаласы Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшелерде, ойын-сауық мекемелерінде болуына, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуға тыйым салу туралы заңнама талаптарының орындалуын бақылау бойынша рейдтік іс-шараларды үнемі өткізіп отырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған, қолайсыз және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін балалар жасайтын қылмыстық әрекеттердің алдын алу бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Жыл басынан бері облыс бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін жүргені үшін 900-ге жуық кәмелетке толмағанның заңды өкілі ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызылорда қаласының Полиция басқармасына қаңғыбастықпен айналысқан және түрлі құқық бұзушылықтар жасаған 1 274 жасөспірім жеткізілді. Оның 1 246-і әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 148 кәмелетке толмаған бала орналастырылды.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 1-бөлігіне сәйкес (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы) 40 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылды.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі (Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы) бойынша үш ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.