Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Есептегі азаматтар шеберханада жұмыс жасайтын болады

Қызылордада Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге  арналған мекеме жанынан шеберхана ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы әкімінің қаулысымен 2001 жылы ашылған Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге  арналған мекеме  өмірлік  қиын жағдайда қалған азаматтарға және  бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар мен пробация қызметі есебінде тұрған  сотталғандарға қызмет көрсетеді.

Бүгін осы орталықтың жанынан шеберхана ашылды. Шеберхана осы орталықта тұратын адамдарға арналған.

Олар шеберханада  ағаштан түйін түйіп, темірден түрлі бұйымдар жасаумен айналысады. Қазіргі таңда орталықта 39 азамат болса, оның 5-еуі пробация есебіндегі азамат.

 – Туған-туыстарымен байланысы, үй-күйі жоқ түзеу мекемесінен босатылған азаматтар осы орталықта бір жылға дейін тұрады. Орталық мамандары азаматтарға психологиялық, медициналық, экономикалық, мәдени, құқықтық, еңбек терапиясы, тұрмыстық  көмек көрсетеді.  Бүгінде  пробация есебінде тұратын бес азамат осы орталыққа орналастырылған. Енді  шеберханада  есептегі азаматтар жұмыспен де қамтылатын болды. Шеберханаға  шикізаттарды “Pro bono” қоғамдық қоры жеткізуде,- деді қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары Д.Балғабаев.

– Мен қаладағы  ЗК-169/5 түзеу мекемесінен жазамды өтеп, босатылған соң баратын жерім болмағандықтан, осы орталыққа  келдім.  Орталықта  үш мезгіл тамақ пен төсек-орын беріледі.  Қазір пробация есебіндемін, пробациялық тіркеуге уақтылы барып тұрамын. Дәнекерлеуші мамандығым бар. Орталықтың ашқан шеберханасында дәнекерлеуші болып жұмыс жасайтын боламын. Пробация қызметі де біздің қоғамға бейімделіп кетуімізге көмек көрсетіп жатыр. Орталық қызметкерлері мен пробация инспекторларына алғысым шексіз,- деді есептегі азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру