Кәмелетке толмағандарға алкоголь сатқан жамбылдық кәсіпкерлер айыппұл арқалады
Кәмелетке толмағандарға алкоголь сатқан жамбылдық кәсіпкерлер айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 желтоқсанда Жамбыл облысының аумағында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы басталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз қалудың алдын алу және профилактикасы, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғынжайдан тыс жерлерде болу, сондай-ақ 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь және темекі өнімдерін өткізу деректерін анықтау.
– Түнгі сағат 21:00 шамасында жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Қордай ауылының дүкендерінің бірінде кәмелетке толмағанға алкоголь өнімін сату дерегі анықталды. Дүкеннің 57 жастағы сатушысы 40% күшті алкогольдік сусын сатқаны анықталды. Жеке кәсіпкерге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексініңі 200-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев.
Жалпы, жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күнінің қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері 8 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.