Карантин кезінде той жасаған түркістандықтар анықталды
Карантин кезінде той жасаған түркістандықтар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында той жасаушылар саны азаяр емес. Аталмыш індеттің көбейіп, өршіп бара жатқанына қарамастан күннен күнге той тойлап, өздерімен қоса өзгенің де өмірін қауіпке тігетіндер саны артуда. Осыған байланысты карантин режимін және шектеу шараларын сақтау мақсатында құрылған мобильді топ рейд жұмыстарының барысында, кезекті той өткізіп жатқан тұрғынды анықтады.
Тәртіп сақшылары Мақтаарал ауданы Атамұра ауылында кешкі сағат 19:00 шамасында 50-ге жуық адамды жинап, бесік тойын өткізуші той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақтап, заңды шешім қабылдау мақсатында тиісті орынға жолдады.
Осы тұста қазығұрттық полицейлер де карантин режимін бұзушылықтың бірнеше жайтын анықтады. Онда Қазығұрт ауданында орналасқан тойханалардың бірінде 80-нен астам тұрғын жиналған үйлену тойы болып жатқаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері той иесі мен тойхана иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша іс-құжаттарды жинақтап, тиісті мекемеге жолдады. Сонымен қатар тағы бір жергілікті тұрғынның өз үйінде құдалық тойын жасағаны анықталды. Аталған тойға 50-ге жуық адам жиналған. Бұл жайт бойынша да жинақталған іс-құжаттар тиісті орынға жіберілді.