Карантин кезінде жұмыс істеген лицензиясыз ойын клубы анықталды
Ақтөбеде карантин кезінде жұмыс істеген лицензиясыз ойын клубы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қазанда «Hi-Tech» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Бөкенбай батыр көшесінде орналасқан ойын клубында Sony Intertainment Entertainment Europe LTD (SIEE) авторлық құқықтарын бұза отырып, Sony PS-4 ойын клубы жұмыс істейтіні анықталды. Аталған факті бойынша криминалдық полиция қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірге полиция бөліміне 35 жастағы жеке кәсіпкер әйел жеткізілді. Ойын клубынан «Sony PS-4», алты дана ойын приставкалары, 14 дана ойын джойстиктері, кассалық терминал тәркіленді. Кәсіпкерде бұл қызмет түріне лицензия болмаған.
Аталған факті негізінде ҚР ҚК-нің 198-бабы 2-бөлігі «Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ жедел алдын алу іс-шарасы барысында алаяқтықтың бірнеше фактісі анықталды.
Мәселен, ағымдағы жылдың 27 қазанында Хромтау қаласының 29 жастағы тұрғыны полицияға жүгінген. Оның айтуынша, маусым айында белгісіз адам оның жеке деректерін пайдалана отырып, 105 мың теңге сомасына онлайн кредит ресімдегенін айтты.
Криминалдық полиция қызметкерлері «Hi-tech» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында 22 жастағы жігітті ұстады, күдіктінің «Creditum» микро-қаржы ұйымы арқылы жәбірленушінің атына несие ресімдегені анықталды.
Сонымен қатар, 26 қазанда полицияға Ақтөбенің 64 жастағы тұрғыны арызданды. Оның айтуынша, үйінің жанында қоңырау шалу сылтаумен 19 жасар жігіт сенімге кіріп, «Самсунг а-30» смартфонын сұрап, кейін «Каспий» қосымшасы арқылы 125 мың теңге сомасындағы ақшаны өзіне аударып алған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша 19 жастағы күдікті ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.