Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері интернет-алаяқтықты ашты

СҚО полицейлері “ізін суытпай” интернет-алаяқтықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО полицейлері “HiTech” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеуде. Жедел-профилактикалық іс-шараның мақсаты – интернет арқылы жасалатын қылмыстармен күресу. Киберқылмыстарды ашу жөніндегі мамандандырылған жедел-тергеу тобының жұмысы күшейтілді. Нәтижесінде бұрын жасалған алты интернет-алаяқтық ашылды. Үш күдіктіні ұстау үшін криминалдық полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан, Екібастұз және Павлодар қалаларына барды. Белгілі бір қаражат сомасына қажетті құжаттарды жылдам алуға көмектесетіні туралы хабарландыру орналастырған елорда тұрғыны ұсталды. Мәселені оңай жолмен шешпекші болған петропавлдық алаяққа 77 мың теңгені аударған, ақшаны қолына түсірген “қызмет көрсетуші” тұтқаны көтермей қойған.

Тағы бір қылмыс “ізін суытпай” ашылды. Петропавл тұрғыны полицияға ірі банктердің бірі ресімдемеген несие бойынша 100 мың теңге көлеміндегі төлемді талап етіп жатқаны туралы арызбен жүгінді. Криминалдық полиция қызметкерлері әйелдің құжаттары мен банк картасын пайдалану мүмкіндігі бар 22 жастағы ұлын анықтады.

– Соңғы кезде виртуалды алаяқтар түрлі әдістерді пайдаланады – мақсаты – жеке мәліметтер мен банк деректемелеріне қол жеткізу, – деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов. – Қолға түскен ақпарат арқылы қаскөйлер жәбірленушілердің атына несие ресімдейді. Сондай-ақ, жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінде жұмысқа орналасуға көмек көрсету бойынша үш факті анықталды – алаяқтар медициналық анықтаманы жылдам ресімдеуге ақша сұрайды немесе банк картасының деректемелерін алдап қолға түсіреді.

Бұдан бөлек, жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінде СҚО полицейлері тауарларды сату туралы екі жалған хабарландыруды анықтады. Құқыққа қайшы контентпен 30-дан астам ресурс анықталып, сілтемелері құзыретті органдарға бұғаттау үшін жіберілді. Әлеуметтік желілерде тәртіп сақшылары Интернетте күмәнді келісім жасаудан аулақ болу, жеке және қаржы мәліметтерін, құпиясөздерді ешкімге бермеу, ақшаны жіберуге қатысты кез-келген мәліметті егжей-тегжейлі тексеру сияқты кеңестермен жадынамаларды орналастырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру