Карантин талаптарының сақталуы қатаң бақылауда тұр
Түркістан облысының полицейлері карантин талаптарын түсіндіріп, оның сақталуын бақылайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша шектеу іс-шаралары және карантин режимін енгізу негізінде Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты барлық қала, аудандық полиция бөлімі, басқармалардың қызметкерлерінен мобильдік топтар құрылып, карантин талаптарын сақтау мақсатында рейдтік ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мобильдік топ өздерінің аудан аумағындағы азық-түлік дүкені, асхана, кафе, ойын-сауық орталықтарында жалпы адамдар көп шоғырланатын жерлерде карантин талаптарын сақтау қажеттігін қатаң ескертіп, тиісті жұмыстарын жүргізеді.Сонымен қатар, полицейлер тарапынан ірілі-ұсақты құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасының рұқсатынсыз жүрмеуін қадағалау мақсатында түнгі уақыттағы рейдтік жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оған қоса, Келес ауданы аумағында заңсыз жолаушылар тасымалын жою мақсатында Патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары Келес ауданы әкімшілігінің қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғындар мен көлік жүргізушілері көп шоғырланатын орындарда тексеру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында бас санитар-дәрігерінің қаулысындағы көрсетілген талаптарды сақтау бойынша көлік жүргізушілеріне кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Барлық жолаушылар мен жүргізушілеріне өз денсаулықтарыңыз үшін жауапкершілікті арттырып, арнайы бекітілген талаптарға сай қауіпсіздік шараларын қолдануға шақырды.
Осы кезеңде ішкі істер органдары қызмет өткерудің ерекше режиміне көшірілетін болады. Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігі тұрғындарды әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтауға, көп адам шақырылатын іс-шаралар өткізбеуге және өздерінің байланыстарын азайтуға шақырады.